Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағанды саябағындағы екінші көлдің келбеті өзгереді

Қарағандыда табиғи тепе-теңдік сақталып, қала тұрғындарына арналған экологиялық таза демалыс аумағы жаңарып келеді. Орталық саябақта орналасқан шағын су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Су қоймасына 2023 жылы 20 мың амур, сазан және сазан шабақтары жіберілсе, биыл бұл көрсеткіш 70 мың балықпен толықты.

Сурет Қарағанды «Мәдениет, демалыс парктері мен саябақтарды басқару» бөлімінен

Қарағанды қалалық «Мәдениет, демалыс парктері мен саябақтарды басқару» бөліміндегілердің айтуынша, балықтар табиғи тазартқыш рөлін атқаруда. Шөппен қоректеніп, судың ластануына жол бермейді. Көбейген балықтар құлыптар арқылы екінші көлге өтіп, артық өсімдіктерді жоюға көмектесуде.

Қазір негізгі назар екінші су қоймасына ауды. Жоба экожүйені сақтап, су айдындарының сапасын арттырып, тұрғындар үшін қолайлы демалыс орнын қалыптастырмақ.

2024 жылдан бастап мұнда тазарту, аэрация және балық жіберу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Алғашқы кезеңде су қоймасы секторларға бөлініп, мамандар көл түбін өсімдіктерден тазартып, лайдан арылтты.

Қазіргі таңда екінші көлден бірінші су қоймасына шлюз арқылы су айдалып жатыр. Бұл кезде балықтар да бірінші су қоймасына көшіп, ондағы тіршілікті жандандыруда.

Бірінші су қоймасының түбі толық тазартылып, жағалауы нығайтылды. Келесі қадам – ұңғымалар арқылы көлді сумен толтыру. Қазірдің өзінде 127 метр тереңдіктегі бір ұңғыма дайын, енді екіншісін бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Бұқпа өзенінен келетін шлюзді жабу жоспарлануда – бұл болашақта судың қайта ластануынан сақтайды.

Аэрация жүйесі де іске қосылуда. Көл түбіне арнайы құбырлар төселіп, компрессорлар арқылы суға оттегі жіберіледі. Бұл судағы тіршілік иелеріне қолайлы орта қалыптастырады.

–Сонымен бірге, үшінші су қоймасына қатысты дайындық басталды. Қазір мердігерлер көл маңындағы ағаштарды кесуге рұқсат күтуде. Себебі олардың тамыры жағалаудағы қоршауды зақымдаған. Кейіннен жаңа көшеттерді отырғызу қарастырылады. Қыста мұндай жұмыстарды жүргізу тиімдірек, –  дейді парк қызметкерлері.

Аяулым СОВЕТ

 

 

Басқа материалдар

Back to top button