«Қарағанды-Сұрыптау» станциясында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
24-28 шілде аралығында Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімі қызмет көрсететін учаскеде «Қару» жедел-профилактикалық іс-шара өтеді. Шараның мақсаты – қоғамдық орындардағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу.
– Біз азаматтардың қауіпсіздігі мен өмірін қорғауға үлкен мән береміз. Осы шара шеңберінде қарудың, оқ-дәрілердің және тыйым салынған заттардың заңсыз айналымы, сондай-ақ, тасымалдау қағидаларын бұзу фактілерін анықтау шаралары жүзеге асырылады, – дейді полиция бөлімінің қызметкерлері.
Заңсыз сақталған қару, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және арнайы құралдарды өз еркімен тапсырғандар қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылатынын да айту керек.
«Егер сіз қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттарды тапсаңыз, оларды тасымалдауға тырыспаңыз. Жазатайым оқиғаларды болдырмау және жарақаттанудың алдын алу үшін дереу полицияға хабарлаңыз. Біз бірге барлығына қауіпсіз орта жасай аламыз!» дейді қызметкерлер.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz