Қарағанды құрылысы – қарқынды
«Шапағат» тұрғын үй кешенінде 10 қабатты үйдің блок-секциялары пайдалануға беріледі. Қазір мұнда қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Кешеннің аяқталмаған секцияларында сегізінші қабаттың қабырғасы қаланды. Құрылыс басында 65 жұмысшы қызмет атқарады.
Олар техникамен және материалдармен толық қамтамасыз етілген. Нысан техникалық қадағалау қызметкерлерінің бақылауында. Құрылыс аяқталғанша үйлердің аумағы абаттандырылыпты. Тұрғын үйді 90 отбасы жалға алып отыр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс барысын қадағалап, мердігерге кестеден қалмауды және жұмыс сапасын бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ, қалада тағы бір құрылыс нысаны бой көтерді. Ол Майқұдықтағы Чапаев көшесінде орналасқан әлеуметтік несиелік тұрғын үй. Құрылыстың бұрынғы мердігерімен келісімшарт бұзылып, биыл тоғыз қабатты ғимаратты салуға жаңа мердігер кірісті. Тұрғын үйде – 108 пәтер. Қазір екінші қабатты көтеру жұмыстары жүріп жатыр.
Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиевтің айтуынша, құрылыс 2024 жылдың бірінші тоқсанында аяқталмақ.
Ал, Белинский көшесіндегі тоғыз қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстары 90%- ға аяқталды. Құрылысшылар ғимараттың ішкі әрлеу жұмысына көшкен. Тамыз айында абаттандыру басталады. Мұнда жалпы 72 пәтер жалға берілді.
Аймақ басшысына жылу желілерінің жобалары таныстырылды. Биыл 21-шағын ауданның №4 араластыру торабына жалғанатын жылу желілерін қайта құру басталды. Мақсат – Шахтерский шағын ауданының жылу желілерін қосу мүмкіндігін қарастыра отырып, қолданыстағы жылу көздерін кеңейту. Орталықтандырылған жылу ІІ және ІІІ қабатты үйлерге қосылды. Құбырларды төсеу аяқталуға жақын. Тек, 5,3 шақырымның 300 метрін ғана төсеу жұмыстары қалды. Ал, Бирюзов көшесінде № 26 араластыру торабы қайта іске қосылды. Бұл 11-шағын ауданның жылу желілерін жаңартуға, № 102 мектепті орталық жылу желісіне қосуға және жаңа нысандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алданыш ОЛЖАБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ІІ курс студенті