Қарағанды құрты – ұлттық бренд
Qazaq National Product – құнарлы құртымен танымал кәсіпорын. Қаптамаларында «Қарағандыда жасалған» деген жазуы бар дәстүр дәмі бірегей брендке айналды. Ертеде әжелеріміз жайған ақ құртқа жаңаша сипат берген цех технологтары дәмдеуіштің түр-түрін қосып, тіл үйірер өнім әзірлеп келеді.

Әуелгіде кәсіпкер Жазира Төлегенова құрт саудасымен айналысқан. Ауыл өнімдерін қаладағы сауда орындарында сатқан. Табыстың көзін тауып, тіпті, Қырғызстаннан да тонналап құрт тасымалдапты. Маркетингті мықты меңгерген маман құрт сататын екі сауда нүктесін ашқан. Сол кезде брендтік қораптарға салынған түрлі дәмдегі ассорти құрттары тұтынушылар арасында сұранысқа ие болды.
Уақыт өте келе, логистика, жеткізу мерзімінің ұзақтығы, бағаның қымбаттауы, өздері өндірмегендіктен сапасына толық жауап бере алмау сынды кедергілермен бетпе-бет келіпті.
– Сол кезде «Неге осы ұлттық тағамды өзіміз өндірмеске?» деген ой келді. Осылайша өндіріс ашуға бел будық. Алғашқы қадам оңай болмады. Үйдің маңынан шағын орын жалдап, сүтпен тәжірибе жасап, құрт дайындауды үйрене бастадық. Қаржыландыру мәселесі де біраз қиындық тудырды. Екі рет бизнес грантына қатысқаныммен, онымыз сәтсіз болды. Сол кезде көңілім түсіп, тіпті, бизнесті тоқтату туралы шешім қабылдағым да келді. Бірақ, табандылық танытып, өз қаражатымызға сепаратор мен құрт жасайтын станок сатып алдық. Барлығын тәжірибе арқылы үйрендік, – дейді Жазира Төлегенова.
Осылайша, түрлі сынақ, күнделікті тәжірибе өндірісті жетілдірді. 2024 жылы кәсіпкер Қарағанды қаласы әкімінің грантына қатысып, қазылар алқасына өздері әзірлеген құртты ұсынады. Пішіні мен дәмі қазылар құрамын бірден таңырқатып, жергілікті өнім қолдауға ие болды.
Сөйтіп, кәсіпкер 1,5 миллион теңге грантты иеленіп, өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Сол жылдан бастап, өз цехында құрт өндіру ісі толық жолға қойылды. Бір жылдың ішінде кәсіпорын кеңейіп, жаңа цехқа көшкен.
Мұнымен қоса, цехта қаймақ, май, ірімшік, брынза және қызыл ірімшік дайындалады. Тіпті, ірімшік қайнатудан қалған көк суының өзі тұтынушылар арасында сұранысқа ие. Бұдан бөлек бидай талқанынан жент әзірлеп, ұлттық тағамдардың қатарын толықтырған.
Өнімдері қала дүкендері мен супермаркеттерінің сөресінде самсап тұр. Оның үстіне былтыр кәсіпкер облыс әкімінің грантын жеңіп алып, жаңа пішін әзірлейтін станок сатып алған. Қазір өндірісте кәдеге жаратып отыр.
Отбасылық кәсіптің тағы бір тәнті етері – өнім рецептурасының барлығын өздері әзірлейді. Классикалық құрттан бөлек, жаңа дәмдерді ойлап тауып, өнім көлемін молайтып отыр. Мысалға, сарымсақ қосылған құрт – осы өндірістің атап айтар жаңалығы. Бұл идеяны Жазираның жолдасы Айдар Қисаев ұсынған. «Алғашында жұрт қалай қабылдар екен?», деген қобалжу болғанымен, уақыт өте келе, бұл өнім нағыз брендке айналған. Табиғи ысталған ащы құрт пен сарымсақтың үйлесімі тәбет ашар дәм болып шыға келген.
Қазір өндірісте ащы құрттың бес түрі шығарылады: классикалық тұзды құрт, табиғи ысталған құрт, базилик қосылған құрт, сарымсақ құрты және чили қосылған ащы құрт. Жаз мезгілінде балғын сүзбеден құлпынай, өрік, қарақат секілді жемістер қосылған тәтті құрттар да дайындалады. Бұл өнімдер десерт ретінде ұсынылады.
Арнайы станоктардың көмегімен құртты домалақ, сықпа, спираль, ромбик сияқты әртүрлі пішінде жасауға мүмкіндік бар. Ал, асық пішіндегі құрттарына көпшілік қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта цех ұжымы құртты төрт түлік малдың пішінінде дайындауды ойластыруда. Бұл бастамалары арқылы ұлттық тағамға деген қызығушылықты арттырып, қазақтың дәстүрлі өнімдерін заманауи форматта насихаттауды көздейді.
– Мен – жобаның авторымын. Өндірістің негізгі жұмысын жолға қойған – жолдасым Айдар Қисаев, ал, бас технологымыз – қайын атам Сержан Қисаев. Біз бұл істі бір ғана сепаратордан бастап, барлық технологияны өз тәжірибеміз арқылы үйрендік, – дейді Жазира Төлегенова.
Шикізат негізінен жақын маңдағы шаруа қожалықтарынан алынады. Соның арқасында кәсіпкерлер ауылдағы еңбек адамдарының тіршілігімен де жақын танысқан. Қазіргі уақытта айына шамамен 2 тонна сүзбе өңделіп, одан 1 тонна дайын құрт өндіріледі.
Үш жыл ішінде әлеуметтік желілер мен дүкендер арқылы тұрақты тұтынушылар базасы қалыптасты. Қазіргі уақытта цех тауарлары қаладағы шағын дүкендерге жеткізіледі. Мұнымен қоса, «Корзина», «Реал» супермаркеттерімен серіктес. Базарларға да көтерме бағамен жеткізеді. Соңғы жарты жылда кәсіпкерлер Астана қаласына да дистрибьюторлық компания арқылы өнім жөнелте бастаған.
Алдағы жоспарлары да ауқымды. Жазира Төлегенова үлкен команда құрып, өндіріс қуатын арттыруды, өнімді еліміздің ірі қалаларына жеткізуді күн тәртібіне қойып отыр. Негізгі мақсат – Qazaq National Product құрт өндірісін ұлттық брендке айналдыру. Болашақта құрт сататын дүкендердің франшизасын ашуды да мақсат етіп отыр.
Ұлттық тағамды жаңа деңгейге көтеруге ұмтылған жас кәсіпкерлердің бастамасы – құрттың тек ауылдың дәмі ғана емес, заман талабына сай дамып келе жатқан ұлттық брендке айналып келе жатқанын көрсетеді.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



