Қарағанды – роботтехникадан алдыңғы қатарлы аймақ
Қарағанды – елімізде роботтехника саласы бойынша жетекші өңірлердің бірі. Мұны облыс оқушыларының халықаралық олимпиадалар мен беделді жарыстардағы жоғары нәтижелері айқын дәлелдейді. Бұл сала балалардың инженерлік ойлауын дамытып қана қоймай, оларды мектеп қабырғасынан-ақ болашақ инноватор болуға жетелейді. Соның арқасында келешегін ІТ саласымен айқындаған жас аз емес. Бүгінгі ЖИ дәуірінде жасанды зерде мен робот бірін-бірі толықтырып, жаңаша сипат алды. Нәтижесінде жас өрендердің стартап жобалары жоғары бағалануда.

Облыс оқушыларының роботтехникаға қызығушылығы мен белсенділігі жоғары. Балабақшадан бастап, мектеп, колледждерде роботтехника кабинеттері жұмыс істеп тұр. Заманауи жабдықталған кабинеттер мен роботтар балалардың техникалық шығармашылыққа қызығушылығын ашуда. Нәтижесінде олар үйірмелерге, жарыстарға, хакатондар мен олимпиадаларға қатысып, республикалық және халықаралық деңгейде топ жарып жүр. Ұстаздар қауымы да қазіргі балалардың заманауи технологияларды меңгеруге қабілеті жоғары екенін, тәжірибе жасап көруге ұмтылатынын айтады. Мұндай қасиет қай балаға болса да сенімділік береді.
Өңірде роботтехникадан жоғары жетістік көрсетіп, білім бәйгесінде оза шауып жүрген оқушылар – «Мұрагер», «Дарын» және Нұрмақов мектебінің, №103 гимназияның, Қарағанды «ІТ» мектебінің және басқа да мектептердің білім алушылары. Олар Қарағанды облысының намысын қорғап, АҚШ, Корея, Түркия елдерінде өткен роботтехникалық жарыстардың жүлдесін ел қоржынына салды. Білімнің аламан бәйгесінде өзгелерге дес бермей, жоғары нәтиже көрсететін жерлестер қашанда бірін-бірі қолдап, тәжірибе алмасуға даяр. Олар тіпті шеберлік сабақтар ұйымдастырып, білімі мен жобаларды қалай жасағанын бөліседі.
Қарағанды ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі, халықаралық жарыстарда жүлделі орын алып жүрген оқушыларды дайындайтын білікті ұстаз Қайрат Исмаилов роботтехникадағы мұндай белсенділік жас буынның инженерлік ойлау қабілетін дамытатынын айтты. Сонымен қоса, бұл өңірдің заманауи технологиялық білім беру бағытының бет алысын айқындамақ.
Қазіргі жасанды интеллект дәуірінде роботтехниканы одан бөліп-жарып қарауға болмайды. Робот – механикалық бөліктері бар дене болса, сол роботтың ақылы мен ой-санасының жемісі – жасанды интеллект. Роботтар жасанды интеллект көмегімен өнеркәсіпте, медицинада, ауыл шаруашылығында т.б. салаларда күрделі іс-әрекеттерді орындай алады. Яғни, ЖИ – роботтың миы, ақыл-санасы, ал роботтехника – оның қозғалысын қамтамасыз ететін денесі. Екеуі бірігіп, интеллектуалды, автономды жүйелерді жасайды.
– Роботтар қазірдің өзінде өнеркәсіпте, медицинада, ауыл шаруашылығында, логистикада, білім беру мен қызмет көрсету салаларында кеңінен қолданылады. Болашақта ЖИ мен роботтехниканың байланысы технологиялардың дамуын, экономиканы және еңбек нарығын айқындайтын негізгі бағыттардың біріне айналады. Бұл – ертеңгі күннің технологиялық келбетін қалыптастыратын сала, – деді тәжірибелі ұстаз Қайрат Төлегенұлы.
Оның оқушылары күні кеше роботтехникадан Абу-Дабиде өткен халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғап, І орын алып келді. Сонымен қоса, ерекше жобаларымен ел көзіне түскен Қарағанды «ІТ» мектебінің 7-сынып оқушылары мұғалімнің жетекшілігімен қараша соңында Италияда болатын жарысқа аттанып бара жатыр.
– Оқушыларым бұл жарыста «Автоматтандырылған аквариум» жобасын қорғайды. Аквариумды балық шаруашылығына қолдануға болады, өте ыңғайлы. Мұнда балықтарды автоматты түрде қоректендіруден бөлек, өмір сүруге қажетті орта мен жағдай жасалады. Сонымен қатар жобаға «интернет заттары» элементтері енгізілді, ол арқылы қашықтан параметрлерді бақылай аламыз және автоматика жұмысы енгізілді, – деді ол.
Қарағанды «ІТ» мектебі оқушыларының ерекше жобалары тек бұл емес. Олар, сонымен қоса жасанды интеллектпен жабдықталған білім беру ұйымдарына арналған гид-роботты жасаған. Бұл жоба ақпарат алудың жаңа тәсілі. Оны мектептерде ғана емес, мұражайларға, ауруханаларға гид ретінде қолдануға болады екен.
– Көптеген ата-аналар кабинеттердің қайда орналасқаны, сабақ кестесі, қоңырау уақыттары сияқты ақпаратты алуда қиындықтарға тап болады. Жасанды интеллект деректер базасынан мәліметтерді алып, сұралған ақпаратты дауыс арқылы жеткізеді. Робот ағаш пішіндегі аниматроник түрінде жасалған. Роботтың бастапқы негізін «Дарын» мектебінің және біздің мектебіміздің оқушылары RoboCup-2024 жарысына дайындық барысында (Нидерланд, 2024) құрастырды. Сол жарыста біздің командамыз әлемнің үздік 15 командасының қатарына енді. Кейін жобаны оқушыларымыз жалғастырып, оны толыққанды гид-робот ретінде қайта жасап шықты, – деді Қайрат Исмаилов.
Қазіргі уақытта бұл жобаны Балқаш қаласындағы туристік мұражайға енгізу үшін келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.
Осылайша, мектептегі роботтехника болашақ инноваторларды бала күнінен қалыптастырып жатыр.
Қазақстан әлем бойынша робототехника саласында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл көрсеткіш – АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен «FIRST World Championship – 2025» әлемдік интеллектуалды сайысына еліміздің атынан қатысқан 7 команданың жоғары жетістігінің нәтижесі. Осы команданың қатарында Қарағанды облысының ең беделді мектептерінің бірі – «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты да бар. Облыстың ғана емес, республика намысын қорғаған мұрагерліктер әлем бойынша ең үздіктердің қатарынан көрінді.
– Мектептің Jeltoqsun және Rasslexx командалары қатысып, халықаралық жарыстың екі дүркін жеңімпазы атанды. Өз жобаларын ағылшын тілінде қорғады, жоғары бағаланды. Бұл – мектептің ең үздік жетістігі. Оқушылардың биік белесі – педагогтердің әлеуетіне де байланысты. Мұғалімдер Жанәділ Шәкәрім мен Бердібек Қазығұловтың республикалық, халықаралық жарыстарға дайындаған шәкірттері қашанда жүлдемен оралады. Сонымен қоса, «Мұрагер» мектебінің оқушылары жазда АҚШ-тың Вирджиния штаты, Ричмонд қаласындағы Collegiate School базасында өтетін «International Emerging Leaders Conference» халықаралық конференциясына қатысып келді. Мұндай әлемдік конференцияларда облыс бойынша жыл сайын тек «Мұрагер» мектебі ғана бой көрсетеді, – дейді мектеп директоры Сейфулмәлік Сұлтанов.
Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында жас мұрагерліктер кіші қызметкерлерге көмек ретінде еден жуатын велосипед ойлап тауыпты. Қазір мектеп ішінде қолданыста.
Сонымен қоса, «Мұрагер» мектебінің 10-сынып оқушылары алдағы уақытта өтетін «Infomatrix» халықаралық жарысына ағылшын тілін үйренуге арналған ЖИ негізінде кішкентай робот жасапты. Ол «Speaking-ді», яғни, «сөйлесуді» жетілдіріп, шығынсыз тіл үйренудің бір әдісі ретінде қызмет етпек. Қазір балалар оны тәжірибеге енгізуде.
Қарағандыдағы роботтехника саласындағы мұндай жетістіктер өңірдің ғана емес, елдің инновациялық әлеуетін айқындайды. Осылайша, ЖИ мен роботтехника үйлесімі жас ұрпақтың техникалық білім үйренуіне тың түрен салуда.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»



