«Қарағанды құрамасы қатардан қалмайды»
V дүниежүзілік көшпенділер ойынына америкалық ковбойлар қатыспақ ниетте. Бұл туралы әйгілі Кейси Филд пен көкпардан АҚШ құрамасының капитаны Лэдд Хоуэллден Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевпен кездесуде мәлімдеді. Сонау америкалықтар бақ сынасқалы жатқан қазақтың ұлттық ойынына қарағандылықтардың қатысу-қатыспауы екі талай көрінеді…
Өткен Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасындағы брифингте Қарағанды көкпар ойыншыларының V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына бармайтындығы ашық айтылған болатын. Алайда, Қарағанды облысының Ұлттық және ат спорты федерациясының президенті Нұржан Шайхиннің айтуынша, бұл әзірге беймәлім сұрақ.
– Бұл туралы нақты ақпарат жоқ. Өйткені, біздің жігіттердің ол додаға бару, я бармауын іріктеу сайысы шешеді. Ол халықаралық дода болған соң әр командадан ең мықтыларды сұрыптап алары хақ. Қазір қарағандылық белді көкпаршылар Тараз қаласында дайындық өткізуде. Олар сол дайындықпен республикалық іріктеу сайысына қатысады. Ал, іріктеуде ел арасынан ең таудаулы көкпаршылар шығады. Құрама болып шықпасақ та, танымал көкпаршылар Жалғас Боранов, Рамазан Шалғынбайлардан үміт бар. Олар спорт тілімен айтқанда қарағандылық легионерлер. Қарағанды құрамасы қатардан қалмасы анық, – деп атап өтті.
Расында, Қарағанды көкпардың ордасы атанудан алшақ емес. Бір ғана «Бәйтерек» командасының жетістіктері біршама. Басшысы Дастан Рахманберлиннің және жаттықтырушысы Ерлан Оспановтың еңбегімен бірнеше қалааралық, республикалық додаларда бой көрсетіп, жүлдесіз оралмағаны анық. Бұл – арқалық көкпарсүйер қауым үшін зор белес. Кешегі Қырғызстанның Шолпан-Ата ипподромында өткен Президент кубогінде ел намысын қорғап, ел құрамасын II орынға жетелеген де осы қарағандылық легионерлер. Төрткүл дүние назарына ілінген Жалғас Борановтың «Ақжал» атты жекпе-жек атымен бір балуанға есе жібермегенін көкпар сүйер қауым әлі ұмыта қоймады. Қарағандылық балуандар «Астана» командасының жалауын желбіретіп, 22 елдің арасынан суырылып, II орынға шықты. Қазір көкпардан Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында 19 спортшы бар. Оның бес-алтауы қарағандылық көкпаршылар.
– Алда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу сайыстары өтпек. Оған біздің облыстың ең тақымы сірі балуандары дайындық үстінде. Жалпы, облысымызда көкпардан 23 команда бар. Кейде команда саны 25-ке дейін жетеді. Бұл ел ішіндегі балуан жастардың көкпарға ден қойғанын айғақтаса керек, – дейді Қарағанды көкпар федерациясының басшысы Нұрлан Мерекеұлы.
Оның үстіне қарағандылық көкпар командасының аттары да V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында бой көрсетіп қалуы бек мүмкін. Тек қана балуандар емес «Реал», «Месси», «Құйын» секілді шабуылшы аттар, «Байқоңыр» деген қорғаныс тұлпары және Қазақстан бойынша жекпе-жектің үздік үштігіндегі «Ақжал» атты жануардың халықаралық аренада бақ сынауға мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, америкалық делегация V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көкпар жарысына қатысуға сақадай сай екенін жеткізді. Бұған дейін АҚШ-тың көкпардан Ұлттық құрамасы 2018 және 2022 жылдары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан болатын. Кездесу барысында Туризм және спорт министрі АҚШ-тан келген қонақтарды V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының кері санақ тақтасын іске қосу рәсіміне қатысуға шақырды. Өз кезегінде делегация өкілдері родео спортын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрме қойылымдары бағдарламасына енгізуді ұсынды.
Жан АМАНТАЙ,
ortalyq.kz