Жаңалықтар

Қарағанды политехникалық университетінің негізін қалаған тұлға – Әбілқас Сағынов

Қай елдің болсын дамуы, өркениеттілігі, әлем елдері қатарынан орын алуы, не озық тұруы оның ұлттық білім беру мен ғылым жүйесінің қалыптасуына, даму бағытына тікелей байланысты. Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап жүретін ұстаздар қауымы, олардың озық ұйымдастырушылары әр заманда болған. Солардың бірегейі – біздің дана ұстазымыз, Қарағанды политехникалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА академигі, Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сағынұлы Сағынов болатын.

Сурет Әбілқас Сағыновтың мұрағатынан

Ол XX ғасырдың 40 жылдарынан XXI ғасырдың бірінші 10 жылдығы аралығында қазақстандық білім мен ғылым саласын дамытуға, көмір өндірісінің негізін салып, өркендетуге зор үлес қосқан, біртуар ел азаматы болды.

Адамның жаратылыс-болмысы оның туып-өскен топырағына байланысты деген қағиданы Әбекеңдей адамдардың өмірі толық айғақтайды. Ол жер жәннаты Сарыарқаның киелі Баянтау баурайында 1915 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген. 1924 жылы Сағыновтар отбасы Сарыарқаның тағы да бір сұлу өлкесі Қарқаралыға көшеді. Бала кезінен сол аймақтардың табиғи сұлулығы мен тазалығын бойына сіңіріп өсті. Ол келешек биіктерге самғаудың тұғырлы бастамасы болғаны хақ. Осында бір сатылы мектепті тәмамдап, 1928 жылдың күзінде педагогикалық техникумның төменгі дайындық бөліміне оқуға түседі. 1931-1932 жылдары Қоңырат руднигінде карьермен бірінші рет танысып, Өспен руднигі шеберханасында моторист мамандығын игереді. 1932 жылы «Қарағандыкөмір» тресінің өндірістік-оқу комбинатына қарасты кен техникумына оқуға түседі. Келесі жылы «Қарағандыкөмір» тресінің арнайы шешімімен Днепропетровск тау-кен институтына жіберілген бес адамның қатарында Украинаға оқуға аттанады.

Днепропетровск тау-кен инс­титутын «Пайдалы қазбалар кен орындарын қазып өндіру» мамандығы бойынша 1939 жылы үздік дипломмен бітіріп шыққаннан кейінгі барлық тіршілігі мен іс әрекетін Қарағанды көмір ошағын, тау-кен ғылымын дамытуға, Қарағандыда бірінші рет техникалық кадрлар даярлайтын жоғары оқу орнын ұйымдастырып, соның негізінде Қазақстанның ғылымы мен білімін жоғары сатыға көтеруге белсене атсалысты. Әбекең өзінің жетпіс жылдан асатын еңбек жолында сан қилы бастамалардың ұйытқысы бола білді.

Әбекең еңбек жолының басында өндірісті ұйымдастыру және кен қазу технологиясын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Алғашқы еңбек жолын 1939 жылдың сәуірінен бөлім бастығы лауазымынан бастап, жыл аяғына қарай №3-бис шахтасының бас инженері лауазымына дейін көтеріледі. Ә.Сағынов 1942 жылы тағайындалған шахта бастығы қызметінен 1951 жылы трестің бас инженеріне дейінгі жұмыстарды абыроймен атқарып, кеншілердің құрметіне бөленді. Көмір өндірістерінде кездескен қиындық пен ізденістер Әбекеңе болашақ өмір бағдарламасын дұрыс таңдап, оның басты бағыттарын айқындап алуға көп септігін тигізді. Оның алға қойған мақсаттарының ішінде ғылымға деген құштарлығы ерекше болатын. Сол себептен де, ол Қазақстан тау-кен ғылымын дамытуға бар болмысымен аянбай атсалысты. Бұл саладағы еңбектері үлкен нәтиже берді. Ол екі мәрте ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

Ұзақ мерзімді жүйелі жүргізген ғылыми зерттеулері негізінде Әбекеңнің жетекшілік етуімен 11 ғылым докторы және 50 ғылым кандидаты дайындалды. Сонымен, пайдалы қазбалар кен орындарындағы өндіру технологиясы мен кешенді механикаландыру проблемаларын түбегейлі зерттейтін аса қажетті ғылыми кадрлар дайындалып, тау-кен саласындағы қазақстандық ғылыми мектептің негізі қаланды. Әбілқас Сағынұлының 1970 жылы Қазақстан Ғылым академиясына академик болып сайланып, 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері атағын алуы да осы ғылым сапасындағы ұзақ жылғы табанды еңбектерінің жемісі.

Академик Ә.Сағыновтың ғы­лыми зерттеулерінің қорытындысы 20 шақты монографиясында, сол сияқты толып жатқан брошюраларында, мақалаларында, оқулықтары мен оқу құралдарында, ғылыми баяндамаларында, өнертап­қыштарында жинақталған.

Әбекеңнің ұйымдастырушылық қабілетінің жаңа қырынан жарқырай түсіп, атын бүкіл Одақ көлеміне әйгілі еткен оның жоғары оқу орнына басшылыққа келгеннен бастап, атқарған тынымсыз қызметі мен ұлағатты істері. Шалғай өңірде құрылған оқу орнын қатарға қосуға теңдесі жоқ еңбек етті. Деңгейі әуел баста айтуға келмейтін институт 10-15 жылдың ішінде бұрынғы Одақ көлемінде алдыңғы қатардағы білім ордасына айналды. 1976 жылы инженер кадрларын дайындаумен ғылыми зерттеулеріндегі үздік табыстары үшін институт Қазақстан жоғары оқу орындары ішінде бірінші болып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
1980 жылы Ә.Сағынов басқарған Қарағандының политехникалық инс­титуты Бүкілодақтық жарыстың нәтижесінде Кеңес Одағының 870 жоғары оқу орнының арасында Мәскеудің М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетімен бірінші орынды бөлісті. Бұл орасан зор жетістік болатын.

Академик Ә.Сағынов жан-жақты ректорлық жұмысында оқытушы-педагог кадрларды дайындауға да ең басты көңіл бөлді. Педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің шығармашылық өсуіне қажетті барлық жағдайларды жасау­ға тырысты. Студент жатақханалары мен оқытушы ұстаздарға арналған үй-жай салу да ректордың басты назарында болды. Қаржы іздеп, Мәскеудегі көмір және геология министрліктерінің, басқа да өнеркәсіп мекемелерінің есігін тоз­дырғаны әлі де біздің есімізде. Солардың жемісі ол кезде Қарағандының басқа бірде-бір жоғары оқу орындарында болмаған 5 жаңа оқу ғимараты, әрқайсысы 500 орындық үш 9 қабатты және жалпы сыйымдылығы 1200 орындық 4 қабатты үш жатақхана іске қосылған болатын.

Сонымен қатар, оқытушыларды үй-жаймен қамтамасыз ету мәселесінде Әбекеңнің басшылығымен ауқымды жобалар іске асты. Осы бағытта әрқайсысы 12 пәтерлік екі 3 қабатты, 70-80 пәтерлік үш 5 қабатты, 42 пәтерлік бір 9 қабатты арнайы салдыр­ған тұрғын үй-жайлар педагогтер мұқтажын толығымен қамтамасыз етті деуге болады.

Осындай қай жағынан болсын, күрделі тұрмыстық мәселені оңтайлы шешкеннен кейінгі Әбекеңнің басына салмақ салған жағдай педагогтердің сапасын көтеру болды. Алғашқыда жас педагогтерді дайындау үшін Одақтың ірі қалаларындағы аспирантуралар пайдаланылды. Осы мақсатта Мәскеу, Ленинград, Киев, Алматы, Новосибирск, Свердлов қалаларына сол жерлердің оқу орындарын бітірген жастар іріктеліп қалдырылса, кейіннен Қарағанды политехникалық институтын бітірген мамандар да аспирантураға жіберіліп отырды. 1960 жылы Қарағанды политехникалық институты жанынан тау-кен және металлург мамандықтары бойынша кандидаттық (кейіннен докторлық) диссертация қорғайтын Кеңес ашылды. Әбекең ректорлық қызметін атқарып тұрған кезде осы Кеңесте 400-ден астам адам докторлық және кандидаттық диссертациясын қорғады.

Қарағанды политехникалық институтын 33 жылдай басқара жүріп, еліміздегі техникалық мамандар қатарын толықтыруға ерекше көңіл бөлді. Әбекеңнің көреген саясатының негізінде Қазақстанда өте беделді, жоғары деңгейдегі техникалық оқу ордасы ұйымдас­тырылды.

Жоғары білімді дамыту мен халық шаруашылығына қажет білікті мамандарды дайындауға қосқан үлесі үшін 1971 жылы академик Ә.Сағыновқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді, ол осындай атаққа ие болған Одақтағы жоғары оқу орындарының бес ректорының бірі еді.

Әбекеңнің осындай теңдессіз еңбегіне риза болған университет түлектерінің қаражатына 2012 жылғы 21 желтоқсанда университетіміздің бас ғимараты алдындағы алаңда оқу ордасының негізін қалау­шы ұлы тұлғаға ескерткіш орнатылса, ал, 2022 жылғы 18 ақпанда ҚР Үкіметінің қаулысымен университетке Әбілқас Сағыновтың есімі берілді.

Бұл күнде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті QS World Universitу Rankings 2026 халықаралық рейтингінде әлемнің ең үздік университеттері қатарына еніп, 951-1000 орындар диапазонынан көрінді. Әбекеңнің ерекше қамқорлығының арқасында маман болып қалыптасып, кезінде басшылығымен қызметтер атқарып, біраз талаптарын орындауға атсалысқан біздер өзімізді бақытты санаймыз. Әбекеңнің бейнесі мәңгі жадымызда сақталады.

Ибатолла Арыстан,
Әбілқас Сағынов атындағы «Кен орындарын қазып-өндіру»
кафедрасының профессоры

Басқа материалдар

Back to top button