Қарағанды перзентханасында алғаш рет ретинальды камера қолданысқа берілді
№1 Қарағанды облыстық перинаталдық орталығында аймақтағы алғашқы портативті ретинальды камера пайдалануға берілді. Заманауи құрылғы – шала туылған нәрестелерді көру қабілетінің жоғалуынан құтқаруға көмектеседі. Айта кетейік, диагностикалық жабдық «AYALA» қайырымдылық қорының демеушілігімен сатып алынды.
Жыл сайын өңірде 23 мыңнан астам бала туылады, мерзімінен бұрын туылған 1300-ден астам сәби жатыр. 40% жағдайда мұндай балаларда ретинопатия диагнозы қойылады, бұл көбінесе көру қабілетінің толық жоғалып кетуіне әкеп соғады. Офтальмологтар ретинопатияға алғашқы скринингті туғаннан кейін 21 күннен кейін жүргізеді. Ретинопатияның агрессивті түрі анықталса, сәбилерге 24–72 сағат ішінде торлы қабықтың лазерлік коагуляциясы жасалады.
– Ретинопатияның қауіптілігі – аурудың сыртқы белгілері жоқ. Оның алғашқы көріністерін тек арнайы жабдықтың көмегімен тәжірибелі офтальмолог анықтай алады. Бұрын, егер бұл ауруға күдік болса, белгілі бір көрсеткіштермен біз балаларды Астанаға жіберуге мәжбүр болдық. Бұл біріншіден өте қымбат, екіншіден қауіпті. Өйткені шала туылған нәрестеге тасымалдау үшін жатырішілік жағдайларды қамтамасыз ету қажет. Соңғы бірнеше жылда біз ретинопатияны ерте диагностикалауда ілгеріледік. Бізде скринингтерді сәтті жүргізетін офтальмолог бар. Бізге тек осындай жоғары технологиялық жабдық жетіспеді, – дейді облыстың бас штаттан тыс неонатологы Гүлнар Ғалиева.
№1 перинаталдық орталықта қазір дәрігерлерге жаңа туған нәрестелердегі қауіпті көз ауруларын ерте диагностикалауға және уақтылы емдеуге көмектесетін жабдықтың толық жиынтығы бар. Сондай-ақ, «AYALA» қоры орталыққа ретинопатияның жедел формаларын емдеу үшін «Луцентис» препаратының 10 құтысын берді.
– Біздің орталыққа жаңа туған нәрестелердегі ретинопатия мен көздің басқа патологияларын ерте скринингтен өткізу үшін ретинальды камера қажет болды. Әсіресе лазерлік хирургиялық операциялар кезінде. Бұған дейін біз офтальмоскоппен тексерулер жүргіздік. Жаңа жабдықтың көмегімен біз сәбилердің ата – аналарына көздің тор қабығын көрнекі түрде көрсете аламыз, суреттер мониторға шығарылады, олар түрлі-түсті, айқын, торлы қабықтағы өзгерістер өте жақсы көрінеді. Осы жылдың 9 айында біз 407 шала туылған баланы тексердік, олардың 106-сында ауру анықталды, бүгінгі күні 52 балаға ота жасалды, – дейді № 1 перинаталдық орталықтың офтальмолог-дәрігері Гүлімай Баймұханова.
Қарағанды облысы үшін ретиналды камераға қаражат жинауға «AYALA» қайырымдылық қорына «Qazaq Oil» ЖҚС ұлттық желісі көмектесті. Оның барлық дерлік жанармай құю бекеттерінде «Шала туғандардың ретинопатиясы» жобасының бокстары мен QR-кодтары орнатылған. Қорға «Qazaq Oil» клиенттерінен қайырымдылық ретінде 5,7 млн теңгеден астам қаражат түсті.
«AYALA» қайырымдылық қоры 2011 жылдан бастап Қарағанды облысының медициналық орталықтарына көмек көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде қор 93 млн теңгеден астам сомаға облыстың үш медициналық мекемесін – облыстық клиникалық аурухананың № 1 перинаталдық орталығын, балалар ауруханасын және Теміртаудағы ана мен бала орталығын реанимациялық және диагностикалық жабдықтармен жарақтандырды.
– Өткен жылдан бастап «AYALA» Қазақстанда балалардың мүгедектігін төмендету бойынша белсенді жұмыс істеп келеді. Біздің ретинальды камерамыз Қарағанды облысында жаңа туған нәрестелердегі көру мүгедектігін нөлге дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз, – деп атап өтті Қордың коммуникациялар бойынша вице-президенті Наталья Еськова.