АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды облысының Узенка кентінде электр желілері жаңартылуда

Қарағанды облысының Узенка кентінде электрмен жабдықтау жүйесін кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету, желілердің тозуын азайту және кернеу тұрақсыздығы мәселесін шешу.

Суреттер облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен

Жаңғырту жұмыстарын Қарағанды Жарық компаниясы жүзеге асыруда. Соңғы жылдары кент тұрғындарынан электр қуатының жиі үзілуі, кернеудің төмен болуы және инфрақұрылымның тозуы бойынша бірнеше рет шағым түскен. Осыған байланысты ауқымды реконструкциялау туралы шешім қабылданған.

Жоба 2025 жылдың шілде айында басталып, 2026 жылдың шілдесіне дейін жалғасады. Қазіргі таңда жоғары кернеулі кабельдік желілерді тарту жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар сегіз жаңа кешенді трансформаторлық қосалқы станция орнатылды. Ал 0,4 кВ кернеулі тұтынушы желілерін монтаждау шамамен 40 пайызға орындалған.

Жоба аясында тозығы жеткен тіректер мен сымдар ауыстырылып, олардың орнына темірбетон тіректер мен заманауи оқшауланған сымдар орнатылуда. Бұдан бөлек, қолданыстағы трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңарту және желі тұрақтылығын арттыру үшін қосымша КТП орнату жоспарланған.

Жұмыстар кенттің бірнеше көшесінде қатар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Библиотечная, Саранская, Медицинская, Профсоюзная көшелерінде, Львовский тұйығында, сондай-ақ Пожарский, Лиза Чайкина, Мерей, Санаторная, Минин, Семафорная, Некрасов, Фадеев, Боткин, Полюсная, Аптечная, Стахановская, Говоров және Чичерин көшелерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

Жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталған соң, екінші кезең басталады. Қазіргі жобаға енбеген желілерді қайта құру 2026 жылдың тамыз айынан 2027 жылдың шілде айына дейін жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Қарағанды қаласының Шахтёрский шағын ауданында К. Маркс көшесінен Мүсірепов көшесіне дейінгі ұзындығы 2,2 шақырым болатын автожол учаскесіне жаңа сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылды. Бұған дейін жарықтандырылмаған жол бөлігіне тұрғындардың өтініші негізінде 65 жаңа тірек қойылып, жарық шамдары іске қосылды. Бұл түнгі уақытта жол қозғалысы қауіпсіздігін айтарлықтай арттырды.

Рабочий кентіндегі Саялы көшесінде және Қошқарбаев пен Дружба көшелерінің арасындағы тұйықта да жарықтандыру қалпына келтірілді.

Жалпы Қарағанды қаласында кезең-кезеңімен шамамен төрт мыңға жуық жаңа сыртқы жарықтандыру тірегін орнату жоспарланып отыр. Бұл шаралар қалалық инфрақұрылымды жаңғыртып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button