Қарағанды облысының туристеріне qazeli.kz қосымшасы іске қосылды.
Қарағанды облысында туристерге арналған Qazeli.kz қосымшасы пайдалануға берілді. Цифрлық сервис қонақүйлер мен демалыс орындарын брондау, экскурсия жетекшілері мен туристік агенттіктердің ұсыныстарын жинақтайды. Бір батырмамен маршрут таңдап, баспана не экскурсияға тапсырыс беруге, сондай-ақ өңірдің туристік нысандары туралы сенімді ақпарат алуға болады. Бұл туралы бүгін облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингта мәлім болды.

Жобаның таныстырылымы аймақтық коммуникациялар қызметі алаңында өтті. IT-бастаманы жүзеге асырған мамандар бірнеше жыл бұрын облыс әкімінің грантын жеңіп алған.
– Біз Қазақстандағы туризмді бір батырмамен қолжетімді ететін платформаны іске асырудамыз. Жүйе қолдануға жеңіл, бронь жасауға ыңғайлы және төлем жасауға қауіпсіз. Ең бастысы – пайдаланушылар да, турагенттер де нақты ақпарат алады. Бұл қазақстандықтардың саяхаттан ләззат алуына жағдай жасайды, – деді «R-TOUR.KZ» ЖШС директоры Рустам Бикбаев.
Оның айтуынша, қосымшаны әзірлеу барысында жасанды интеллект пайдаланылып, 50-ден астам халықаралық туристік сайт талданған. Бұл отбасылық демалыс үшін тиімді шешімдер таңдауға мүмкіндік берді.
– Көпшілігі бронь жасау кезінде балалардың тұру ақысы дұрыс есептелмейтін жағдайларға тап болады. Біз үш жас санатын енгізіп, бағаны төмендетуге және нөмірлердің нақты жүктемесін ескеруге жағдай жасадық. Мұндай тәсіл пайдаланушылар үшін тиімді әрі «2+2» жаңа сегментін ашады, мұнда балалар үшін қайта есеп жүргізіледі, – деп түсіндірді Рустам Бикбаев.
Қосымша арқылы Балқаш пен Қарқаралы сияқты өңірдің бірегей туристік бағыттары ілгерілетілмек.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская да бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті:
– Туризмді цифрландыру қазір тренд емес, қажеттілікке айналды. Біз WhatsApp платформасында жасанды интеллект негізінде тәулік бойы жұмыс істейтін чат-ботты іске қостық. Ол туристерге көрікті жерлер, маршруттар, қоныстану, тамақтану және қауіпсіздік ережелері туралы жедел ақпарат береді. Басты мақсат – адамдарға қызмет ететін толыққанды цифрлық туризм экожүйесін құру. Ол үшін мемлекет, бизнес, ІТ-сектор және саяхатшылардың бірлескен жұмысы қажет, – деді ол.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда ұлттық цифрлық шешімдер енгізіліп жатқанын еске салды: Kazakhstan.travel порталы сегіз тілде жұмыс істейді, ал eQonaq жүйесі туристерді тіркеуді жеңілдетіп, туристік ағынды барынша ашық етеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА