Қарағанды облысының су тасқынына дайындығы тексерілді
Қарағанды облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық тексерілді. Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров өңірге жұмыс сапарымен келіп, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау және Шет аудандарының елді мекендерінде, Теміртау мен Қарағанды қалаларының гидротехникалық және қорғаныш құрылыстарының жай-күйімен танысты, сондай-ақ су басу қаупі бар аумақтардағы алдын алу шараларын бағалады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.


Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, анықталған әрбір тәуекел бойынша көктемгі су тасқыны салдарының алдын алуға бағытталған жедел әрі нақты шешімдер қабылдануда.

Бұқар жырау ауданында су тасқыны кезеңіне дайындық жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Самарқанд су қоймасынан төмен орналасқан елді мекендерге ерекше назар аударылып, бұл аумақта тасқын жағдайына күшейтілген бақылау енгізілген.

Жалпы алғанда 73 гидротехникалық нысан тексеріліп, бөгеттерді жөндеу және нығайту жұмыстары басталды. Автомобиль жолдары бойындағы су өткізу жүйелерін әзірлеу жалғасуда.

Ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын автожол учаскелерінде су өткізу құбырлары мен көпірлердің басым бөлігі тазартылды. Бүгінде аудан аумағындағы 67 елді мекеннің 44-і халықты жедел хабардар етуге арналған арнайы құралдармен қамтылған.

Сонымен қатар қорғаныш үйінділерін көтеру, су бұру арналарының құрылысы және қосымша су өткізу құбырларын орнату жұмыстары орындалды. Қауіп төнуі ықтимал учаскелерде қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданды.

Аралау қорытындысы бойынша Әсет Жылқайдаров алдын алу шараларын күшейтуді, су тасқынына қарсы іс-шараларға бақылауды арттыруды, өзен арналары мен су бұру жүйелерін тазалауды жалғастыруды, сондай-ақ апаттық-құтқару техникасының толық әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қарағанды облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарлы режимде жалғасып, тұрақты бақылауда тұр, деп мәлімдеді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



