АймақБас тақырып

Қарағанды облысының үш ауданында су тасқынының қаупі жоғары

Соңғы бірнеше күнде өңірде айлық жауын-шашын мөлшерінің шамамен 30%-ы түсті. Синоптиктердің болжамынша, Наурыз мерекесіне дейін қар жаууы мүмкін. Ауа температурасы қалыпты деңгейден 1 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Мамандар бұл жағдай көктемгі су тасқынына қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді. «Қазгидромет» РМК филиалы гидрология бөлімінің басшысы Ілияс Сейтқалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта өңірдегі гидрометеорологиялық жағдай тұрақты, өзендер қысқы режимде тұр.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Өңірде су деңгейі мен көлемін, мұз құбылыстарын, жауын-шашын мен қар жамылғысын бақылап отыратын 30 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Сонымен қатар 25 метеостанция және 10 агропост бар. Қар жамылғысы 23 қар өлшеу бағыты бойынша бақыланады.

Қазіргі таңда қардағы су қоры да әркелкі. Мысалы, Нұра өзенінде 28 мм немесе норманың 82%-ы тіркелген. Сондай-ақ Шерубай-Нұра өзенінде бұл көрсеткіш 75%, ал Тоқырауын өзенінде 55% деңгейінде. Ал Қарағанды облысының солтүстік, батыс және шығыс бөліктерінде қардағы су қоры керісінше нормадан 18%-дан 124%-ға дейін жоғары.

Синоптиктердің болжамынша, наурыз айында өңірдің басым бөлігінде ауа температурасы нормадан шамамен 1°С жоғары болады. Орташа температура 0°С шамасында, кей жерлерде +8,1°С-қа дейін көтеріледі. Ал сәуірде ауа температурасы +6,1°С пен +16,8°С аралығында болады деп күтілуде. Жауын-шашын мөлшері өңірдің көп бөлігінде орташа деңгейде болады.

Көпжылдық гидрологиялық деректерді талдау нәтижесінде мамандар су тасқыны қаупі бар аумақтарды үш санатқа бөлді. Жоғары қауіп Бұқар жырау, Нұра және Ақтоғай аудандарында сақталады. Орташа қауіп Қарқаралы, Шет және Осакаров аудандарында байқалады. Ал Абай ауданында қауіп деңгейі төмен деп бағаланып отыр.

Алдын ала есептеулер бойынша Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінде су деңгейінің қауіпті межеден асу қаупі жоғары.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button