Қарағанды облысының өрт сөндіру қызметтері төтенше жағдайға дайын ба?
14 адам – орман шаруашылығы жұмысшыларының өмірін қиған Абай облысындағы орман өртін сөндіру әлі де жалғасуда. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының мәліметінше, өрт 8-ші маусым күні сағат 11.23-те басталған.Төтенше жағдайлар қызметі дереу өрт аймағына аттанған, бірақ жалын жоғары жылдамдықпен тарап кеткен. Осыған орай қазіргі таңда Қарағанды облысында орманға бақылау күшейтілді.
Сондай-ақ, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт қаупі кезінде, өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын және арнайы қызметтің болуы мүмкін өрттерге әзірлігін айтып берді.
– Табиғи өрттердің алдын алу және жою мақсатында Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің инженерлік-инспекторлық құрамы жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен, сондай-ақ орман мекемелерімен бірлесе отырып, 62 жылжымалы өрт сөндіру құралын құрды, рейдтік іс-шаралар өткізуге кірісті, – деп хабарлайды Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Қарағанды облысында өрт қауіпті кезеңнің басынан бері мобильді топтар 217 рейд, 5500-ден астам адамды қамтыған 352 брифинг, 900-ден астам адамды қамтыған 152 жиын өткізіп, өртке қарсы тақырыптар бойынша 323 материал бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.
– Рейд барысында және өрт фактілері бойынша 30 құқық бұзушы анықталып, олар ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – делінген министрлік хабарламасында.
Облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарындағы тұрғын үй аумақтары мен ірі өнеркәсіп объектілерін өрттен қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндіру бөлімшелері жұмыс жасап жатыр. Облыс бойынша барлығы 30 өрт сөндіру бөлімшесі бар.
Қарағанды облысының өрт сөндіру қызметінде 329 бірлік техника бар. 1740-тан астам адам қызмет етеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz