Бас тақырыпКоронавирусОблыс әкімі

Қарағанды облысының әкімі арнаулы жиынға шақырылған еріктілермен кездесті

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек арнайы дайындыққа шақырылған еріктілермен кездесті. Олар  бір ай бойы қаланың ішкі  аудандарында санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізеді.  Аймақ басшысы әскери борышын өтеушілерге алғыс білдірді.


– Еліміз көзге көрінбейтін жаудың таралуына қарсы күресіп жатыр. Дәрігерлер, полицейлер, еріктілер және барлық мүдделі азаматтар ерекше режимде жұмысын жалғастыруда. Бірақ қауіп сақталуда, індеттің шыңы әлі өткен жоқ. 2 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді арнайы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Еліміз бойынша екі мыңнан астам адам Отан алдындағы парызын орындауға және індетке қарсы күреске өз үлестерін қосуға ниет білдірді. Олардың арасында 95 қарағандылық  бар. Біз сіздермен мақтанамыз! Сіздерге жүктелген барлық міндеттерді абыроймен орындайсыздар деген сенімдемін, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әскерге шақырылушылардың орташа жасы – 25-35 жас. Олардың арасында ШОБ секторынан уақытша жұмыссыз қалғандар да бар. Сондай-ақ медициналық білім алған 17 адам бар. Әскерге шақырылған еріктілер бір ай ішінде маңызды нысандарда санитарлық тазалық жүргізеді және санитарлық бақылау пункттерінде кезекшілік етеді. Олар барлық қажетті құрал-жабдықтармен, жеке қорғаныс құралдарымен, күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Әскери міндеттілікке шақырылған сәттен бастап әскери қызметшілер мәртебесін алады. Олардың барлығы жалақы алады, сонымен қатар заңмен белгіленген жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктерді иеленеді. 

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының аумақтық қорғаныс бөлімдері алдына қойылған мақсат-міндеттермен танысып, төтенше жағдайды қамтамасыз етуге атсалысып жатқан кейбір әскери қызметкерлерге грамоталар табыстады.

Басқа материалдар

Back to top button