Қарағанды облысының көлік саласы қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды
Көлік қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласының дамуына, көлік инфрақұрылымының қалыптасуы мен жаңғыртылуына сіңірген еңбегі үшін бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Марапат иелерінің қатарында Қарағанды облысындағы саланың білікті мамандары да бар.

«Құрмет» ордені «Қазаэронавигация» РМК Қарағанды филиалының диспетчер-нұсқаушысы Юрий Глуховқа табысталды.
«Шапағат» медалімен «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» өңірлік филиалы Қарағанды учаскесінің вагон жүргізушісі Шамкен Әшімов марапатталды.
Айта кетейік, 2023 жылы мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңа құрметті атақтар енгізілген болатын. Солардың бірі — «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы. Бұл мәртебелі атақ «КАЖсервис» ЖШС бас директорының кеңесшісі Қанат Шайминге берілді.
Қазақстанда Көлік қызметкерлері күні дәстүрлі түрде тамыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтіледі.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА