Қарағанды облысының екі ұстазы «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауында жеңімпаз атанды
“Қазақстанда «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының қорытындысы жарияланды. Биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 64 мұғалім осы мәртебелі атаққа ие болды. Олардың қатарында Қарағанды облысының да ұстаздары бар. Жеңімпаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 4 млн теңге) көлемінде сыйақы табысталды” деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Қарағандылық мұғалімдер өз кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, байқау лауреаттары атанғандар:

Гүлжан Әлібаева – Шет ауданының Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер;

Меруерт Қабылова – Қарағанды жоғары «Bolashaq» колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші.
Астанада өткен марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға марапаттарды ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыстады.
Биыл республика бойынша байқаудың іріктеу кезеңіне шамамен 1500 педагог қатысқан. Оның тең жартысы облыстық деңгейге өткен. Финалға 174 қатысушы жолдама алып, соның ішінен үздіктер анықталды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



