Қарағанды облысының 35 көшесіне жаңа атау беріледі
Облыс аумағында 35 көшенің және 4 тұйық көшенің атауы өзгереді. Сонымен қатар, 2 алаң мен 1 саябақ та уақыт ағымына сай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» атауларға ие болмақ.
Кезектен тыс өткен облыстық мәслихаттың XXII сессиясында толық мақұлданған көше атауларын өзгерту туралы шешімнің жобасы Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларына қатысты.
– Қарағандының 16 көшесі, Жезқазғанның 14 көшесі мен 4 тұйық көшесінің атауы өзгертіледі. Сондай-ақ, Металлургтер алаңы да атауларын жаңартпақ. Мысты шаһардың аталмыш алаңы, академик Қаныш Сәтбаевтың атымен аталатын болады. Теміртау қаласының да 5 көшесі жаңаша аталып, атауы болмаған бір алаңына «Астана» аты беріледі.
Сонымен қатар, қаладағы атауы жоқ тағы бір саябақ «Бірлік» атауына ие болады. Көше атауларын өзгерту туралы құжат республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысына сәйкес әзірленіпті. Аталмыш құжаттың юстиция органдарында тіркеуден өтіп, заңды күшіне енетін уақыты да алыс емес.
Өз тілшімізден