Қарағанды облысында ЖРВИ бойынша 63 мыңнан астам жағдай тіркелді
ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылық бойынша облыста эпидемиологиялық маусым басталғаннан бастап ағымдағы жылдың 1 қазаны мен 13 қарашасы аралығында ЖРВИ-нің 63 мың 251 жағдайы тіркелді, сырқаттанушылық құрылымында 14 жасқа дейінгі балаларға сырқаттанғандардың 56%-ы келеді.

Облыста А (H3N2) типті тұмаудың – жыл сайын күзгі-қысқы кезеңде айналымдағы маусымдық вирустың 35 жағдайы зертханалық түрде расталды. 14 жасқа дейінгі балалар 83% құрайды, барлығы вакцинацияланбаған.
Бұл вирус жаңа штамм емес. Ауру белгілері тұмаудың клиникалық көріністеріне ұқсайды: дене қызуының күрт көтерілуі, бас және бұлшықет ауруы, қалтырау, сондай-ақ бүкіл дененің сырқырауы байқалады.
Тұмаудан басқа, аймақта басқа вирустар бар. Зерттелген 389 үлгінің ішінде тұмау емес вирустарды 59% құрады, олардың ішінде риновирус (40%), парагрипп (19%), боковирус (11%), аденовирус (8%), РС вирусы (1,2%) басым және басқалары бар.
ДДҰ болжамына сәйкес, ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмау вирусының үш штаммы өзекті болады. Олар A (H1N1), A (H3N2) және B вирустары. Олардың барлығы тұмауға қарсы вакцинаның құрамына кіреді, бұл аурудың ауыр түрлерінен қорғауды қамтамасыз етеді.
Білім беру ұйымдарында оқушылар мен қызметкерлердің сырқаттанушылығы мен сабаққа қатысуының күнделікті мониторингі жүргізіледі. Эпидемиялық маусым басталғаннан бері жалпы білім беру ұйымдарында оқушылардың ауру жағдайлары бір сыныпта 10%-дан аспайды. Медициналық ұйымдар мен балаларды оқыту және тәрбиелеу ұйымдарында ЖРВИ және тұмау белгілері бар адамдарға арналған “сүзгілер” жұмыс істейді.
Облыста тұмауға қарсы 143 686 адам немесе жалпы тұрғындардың 12% егілді. Вакцинация жалғасуда.
Тұмау мен ЖРВИ алдын алудың негізгі шараларын еске саламыз:
– адамдар көп жиналатын жерлерде, әсіресе жабық үй-жайларда болу уақытын шектеу;
– мүмкін болса, түшкіру немесе жөтелу сияқты ауру белгілері бар адамдармен байланысты шектеу;
– қолды сабынмен жиі және мұқият жуу, үнемі дымқыл гигиеналық және дезинфекциялық құралдармен өңдеу;
– орналасқан бөлмені жиі желдетіп, үнемі ылғалды тазалап отыру;
– құрамында С дәрумені бар тағамдарды мүмкіндігінше көп жеу;
– аурудың алғашқы белгілерінде өзін-өзі емдемеу, уақтылы медициналық көмекке жүгіну қажет.
Юрий ЗАЛЫГИН,
Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы



