Қарағанды облысында жол ақысы екі есе арзандайды

Қарағанды облысында жеті қала маңындағы маршруттармен жүру арзанырақ болады. Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қоғамдық көлікте ONAY! электронды төлем жүйесін енгізуді тапсырды.

— ONAY! электрондық жүйесін пайдалану тәжірибесі Қарағандыда оң нәтиже беруде. Бүгінгі таңда төлемдердің 96%-ы электронды түрде өтуде. Бұл жүйені қалааралық автобустарда, атап айтқанда серіктес қалаларда енгізу кейбір маршруттарда жол жүру құнын екі есеге жуық төмендетуге мүмкіндік береді. Айырмашылық айтарлықтай, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Инновация ай сайын 500 мыңға жуық жолаушыны тасымалдайтын маршруттарға әсер етеді. Бұл № 100 және 107 (Қарағанды — Теміртау), № 121 (Қарағанды — Шахтинск), № 122 (Қарағанды — Топар), № 127 (Қарағанды — Шахан), № 146 (Қарағанды — Абай) және № 165 (Қарағанды — Саран) автобустар.

Қала маңындағы маршруттарда электрондық билеттеу жүйесі енгізілгеннен кейін жолаушылар QR, көлік коды немесе SMS көмегімен көлік картасымен («Бірыңғай», Virtual, «Әлеуметтік», «Зейнеткер») жол жүру ақысын төлеген кезде 80 теңге төлейтін болады. «7—15 жастағы балалар» картасы бойынша жол жүру құны — 40 теңге. ONAY! көлік карталарын Қарағандыда да қолдануға болады. 

Қазір Қарағанды — Шахтинск автобустарында жол жүру құны — 190 тг., Қарағанды — Топар — 180 тг., Қарағанды — Теміртау — 150 тг., Қарағанды — Саран — 95 тг., Қарағанды — Абай — 170 тг., Қарағанды — Шахан — 175 тг. Жол ақысын қолма-қол төлейтіндер үшін баға өзгеріссіз қалады.

Облыстық маршруттарда жеңілдіктер қолданылмайды. «Әлеуметтік» және «Зейнеткер» карталарының иелері үшін жол жүру жалпы тариф бойынша — 80 теңге болады.  

— Жолаушылар көлігі басқармасына жақын арада автобустарда жүйені монтаждау жұмыстарын жүргізуді, серіктес қалалардың тұрғындары үшін ONAY! карталарын сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді тапсырамын. Дүрбелеңге жол бермеңіздер! Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарымызды электронды жол ақысын төлеудің артықшылықтары мен ыңғайлылығы туралы хабардар етіңіздер, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, қала маңындағы қоғамдық көлікті жаңарту жалғасады. Биыл № 3 автобус паркі QazTehna зауытынан 25 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі