Қарағанды облысында жас полицейлер сыныбы ашылды
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Ново-Узинка кентіндегі М. Жүсіп атындағы мектепте игі әрі тағылымды бастама жүзеге асты. Мұнда жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Жас полицей» сыныбының салтанатты ашылуы өтті.

Алтыншы сыныптың он оқушысынан құралған бұл сынып – кент тарихындағы алғашқы осындай бағыттағы жоба. Сыныпқа қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Рамазан Ахметовтың есімі берілуі – құқық қорғау саласына адал қызмет еткен азаматқа көрсетілген зор тағзым.
Жас полицейлер сыныбына Г. Мустафин атындағы кенттің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы Қайрат Иманбаев жетекшілік етеді. Ол 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс бойынша үздіктердің қатарынан көрініп, республика көлемінде үздік үштіктен орын алған тәжірибелі қызметкер. Алғашқы оқушылардың батыл қадамы өзге де балаларды тәртіпке, әділдікке және отансүйгіштікке үндейтіні анық.
Бұқар жырау ауданының тумасы Рамазан Ахметов ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1994 жылы, әскер қатарынан оралған соң бастаған. Ол Октябрь аудандық ішкі істер басқармасында кезекшінің көмекшісінен бастап, Бұқар жырау ауданының кезекші бөлімінің бастығына дейінгі қызмет сатыларынан абыроймен өтті. Қызметіне деген жауапкершілігі мен адамгершілік қасиеттері оны әріптестерінің зор құрметіне бөледі. 2014 жылдың желтоқсанында жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза табуы – барша әріптестері мен туған-туыстары үшін ауыр қаза болды.
Рамазан Ахметовтың қызмет жолын ұлы Ернар лайықты түрде жалғастырып келеді. Бүгінде ол Ә. Бөкейхан атындағы полиция бөлімінде учаскелік инспектор болып қызмет атқарады. Ал оның інісі Жандос та ішкі істер органдарына адал қызмет етіп, қазіргі таңда зейнет демалысында.
Салтанатты шараға оқушылардың ата-аналары, кент тұрғындары, марқұмның туған-туыстары мен әріптестері қатысты. Рамазан Ахметовтың жақындары сыныпқа оның өмір жолынан сыр шертетін жеке заттары мен фотосуреттерін табыстап, жас ұрпаққа өнеге болар рухани мұра қалдырды.
– Әкемнің есімі берілген сыныптың ашылуы – біздің отбасы үшін үлкен мәртебе. Осы бастамаға қолдау білдірген аудандық полиция басқармасы, білім бөлімі мен мектеп ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл сыныпта тәрбиеленген оқушылар елінің қорғаны болар адал азамат болып өседі деп сенеміз, – деді Рамазан Ахметовтың ұлы Ернар Халимарденов.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі



