Қарағанды облысында жабайы жануарларды есепке алу үшін әуе патрульдеу жүргізілуде
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және табиғатты қорғау полициясының хабарлауынша, Қарағанды облысында жабайы жануарлардың санын анықтау және браконьерліктің алдын алу мақсатында әуе патрульдеу жұмыстары басталды деп хабарлайды Ortalyq.kz.

Алғашқы ұшу Қарқаралы ауданында өтті. Бақылау барысында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Қу орман шаруашылығы аумағында 298 арқар, 12 марал, 15 бұлан және шамамен 20 мың киік тіркелді. Патруль кезінде тіркелмеген қаруы бар браконьерлер ұсталып, қару тәркіленді.
Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, «Браконьер» жедел алдын алу шарасы аясында әуе мониторингі Ақтоғай және Шет аудандарында да өткізілді. Бұл аймақтарда заңбұзушылық анықталған жоқ. Мамандар 137 арқар мен 7 елікті есепке алды.
Бұқар жырау ауданында жүргізілген патрульдеу кезінде тағы бір қаруы тіркелмеген азамат ұсталды.
Аяулым СОВЕТ



