АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды облысында жаңа Конституция жобасы кеңінен таразыланды

Еліміз жарқын болашаққа кепіл болар жаңару дәуіріне қадам басты. Дәл қазіргі уақытта қоғам талқылауына ұсынылған Ата Заңымыздың жаңа редакциясында қолданыстағы Конституцияның 84 пайызы  өзгертілген. Яғни, бұл – жай ғана өзгерістер мен түзетулер енгізу емес, тарихи реформа. Облыс әкімдігінде Конституциялық реформаны қоғамға кеңінен түсіндіру мақсатында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кеңейтілген актив отырысы өтті. Жиында Ұлттық құрылтайдың V отырысында жарияланған саяси жаңғырудың жаңа кезеңі, бір палаталы Парламент құруды көздейтін парламенттік реформа, сондай-ақ, мемлекеттік басқару моделі секілді саяси мәселелер кеңінен таразыланды.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Актив отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев елде жүріп жатқан конституциялық реформаның саяси һәм тарихи мәніне кеңінен тоқталды.

– Былтыр 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жасанды интеллект дәуіріндегі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа бағдарын айқындап, бірқатар жүйелі міндеттерді белгіледі. Сол міндеттердің өзегінде парламенттік реформалар, соның ішінде бір палаталы Парламент құру қажеттілігі тұр. Қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент елді саяси жаңғыртудың жаңа кезеңі басталғанын жариялап, ауқымды Конституциялық реформаның қолға алынғанын мәлімдеді. Осыған байланысты 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері енді, – деді өңір басшысы.

Ермағанбет Қабдулаұлының айтуынша, бұл өзгерістер негізгі заңның жекелеген нормаларын түзетіп қана қоймай, тұтас мемлекетті басқару моделін жаңартуға бағытталған.

Кеңейтілген отырыста Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов жаңа Ата заң жобасының саяси-құқықтық маңызы туралы ойларын ортаға салды.

– Алтыншы отырыста Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы таныстырылды. Құжаттың алғашқы нұсқасы Кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Жаңартылған Преамбулада жалпыұлттық құндылықтар нақтыланып, мемлекет қызметінің жаңа қағидаттары бекітілді. Ел тарихында алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде жарияланып отыр. Бұл жаңа жоба қолданыстағы Ата Заңды жекелеген түзетулермен ғана шектеуді көздемейді. Керісінше, мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына сай қайта қарауға бағытталған. Қазақстан президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет ретінде сақталады. Сонымен қатар, билік тармақтары мен қоғам арасындағы өзара тепе-теңдік тетіктері күшейтіледі, – деді ол.

Нұркен Сайфиддинұлы депутаттық корпустың алдағы кезеңдегі жауапкершілігіне де тоқталды. Оның айтуынша, мәслихат депутаттары реформаның мазмұнын қоғамға жеткізу, азаматтардың пікірін тыңдау және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау ісінде белсенділік танытуы қажет. Бұл ретте конституциялық реформаны елдің болашақ дамуын айқындайтын жаңа Ата заң жобасы ретінде қабылдаудың маңызы зор.

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Бекзат Қомарұлы Алтынбеков Конституцияның жаңа редакциясын ел тарихындағы маңызды саяси реформалардың бірі ретінде бағалады.

– Бұл құжат шаблондық шешімдер жиынтығы емес. Алты ай бойы халықтан түскен екі мыңнан астам ұсыныс сарапталып, кең қоғамдық талқылаудан өтті. Бұл – мемлекеттің болашағын халықпен бірлесе айқындауға деген нақты саяси серпілістің көрінісі. Қазіргі жаһандану мен цифрлық трансформация жағдайында мемлекеттің табысы табиғи ресурстармен қатар, ең алдымен адами капиталға, ғылым мен білімге тәуелді. Комиссияның басты міндеті де осы.  Комиссия жұмысының түпкі түйіні бір жағынан, Ата Заңдағы конституциялық құрылыстың негізгі қағидаттарын сақтаса, екінші жағынан, заман талабына сай жаңа көзқарасты қалыптастыруды көздеді. Біз осы үдеден шығуға тырыстық, – деді ол.

Келесі болып сөз алған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Нұрлан Дулатбеков жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында білім мен ғылым саласына қатысты ұсыныстардың мазмұнына тоқталды.

– Конституцияның Преамбуласын талқылау кезінде білім мен ғылымды мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындауға ерекше мән берілді. Бүгінгі Қазақстан – енді қалыптасу кезеңіндегі емес, даму бағытын айқындай алатын, көзқарасы орныққан мемлекет. Сондықтан, жаңа редакцияда білім, ғылым және мәдениетке берілген басымдық – уақыт талабынан туындаған заңды шешім, – деді ол.

Нұрлан Орынбасарұлының пікірінше, 1995 жылғы Конституция мемлекеттіліктің негізін қалауға бағытталса, жаңа редакция қоғамның кемелдену деңгейін көрсетеді. Осыған байланысты ол Конституциялық заңнамада мемлекеттік тілдегі құқықтық терминдерді біріздендіру мен жетілдірудің өзектілігіне назар аударды.

Жиында облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Қадиша Оспанова жаңа Конституция жобасындағы әлеуметтік саясаттың басым бағыттарына тоқталды. Оның сөзінде адам, оның өмірі мен әлеуметтік қорғалуы мемлекеттің негізгі құндылығы ретінде айқындалғаны атап өтілді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, отбасы институтын қолдау және әлеуметтік осал топтарды қорғау мәселелерін конституциялық деңгейде бекіту өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және мәслихаттардың жауапкершілігін арттыруға бағытталғаны айтылды.

Жиында облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Байбосынов қоғамдық бақылау институттарының рөліне тоқталды. Ол қоғамдық кеңестердің мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Конституцияның жаңа редакциясында бекітілген бейбітшілік, бірлік және өзара құрмет қағидаттарын қоғамға кеңінен түсіндіру қоғамдық келісімді нығайтуға және реформалардың қоғамдық қолдау табуына негіз болатыны айтылды.

Кеңейтілген отырысты қорытындылаған облыс әкімі елде басталған конституциялық реформаның маңызы ағымдағы саяси күн тәртібінен әлдеқайда ауқымды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция мемлекетті басқарудың тиімді моделін қалыптастыруға, өңірлердің рөлін күшейтуге және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне нақты қатысуына жол ашады. Осыған байланысты облыста Конституцияның жаңа редакциясын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-насихат топтары құрылып, қалалар мен аудандарда жүйелі кездесулер өткізілмек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button