Қарағанды облысында жұмыс істемейтін жастарға арналған Next Urpag жобасы іске қосылды
Қарағанды облысында NEET санатындағы (оқымайтын, жұмыс істемейтін, кәсіби дайындығы жоқ) жастардың әлеуметтік және еңбек әлеуетін дамтытуға арналған Next Urpag жобасы іске қосылды. Жоба аясында қатысушылар үшін шеберлік сабақтары, тренингтер мен мотивациялық коуч-сессиялар ұйымдастырылады.

Жоба далалық лагерь форматында өтеді. Бұл лагерьде ұзақ дәрістердің орнына еркін пікір алмасу, бірлескен жобалар мен тәжірибе бөлісу сессиялары жоспарланған.
– Біз жобаны жаңа, тәжірибелік форматта өткізуді жөн көрдік. Арнайы фокус-топ жинап, әр қатысушымен жеке жұмыс жүргізудеміз, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
Бұқар жырау ауданынан келген қатысушы, Кирилл Зализко, жобадан жоғары үміт күтіп отыр:
– Лагерь маған жаңа таныстар, пайдалы байланыстар мен өз өмірімді дұрыс бағытта құруға жол көрсететін бағыт-бағдар береді деп сенемін, – дейді қатысушы.
Жобаның ұйымдастырушылар тобы жастарға мотивация беру, шабыттандыру мақсатында коучтар, табысты кәсіпкерлер мен еріктілерді шақырып, оларға бастамадан қорықпау, командада жұмыс істеу, кәсіби мақсат қою және мансап жолын жоспарлау сияқты дағдыларды үйретуді көздейді.
Жобаның алағашқы нәтижелері алты айдан кейін қорытындыланады. Әлеуметтік зереттеу арқылы жаңа форматтың жастардың өмірлік ұстанымына, өзіне деген сеніміне және кәсіби даму ниетіне қаншалықты әсер ететінін анықтау жоспарланған.
Жамал АКПАРОВА