Қарағанды облысында ғылыми идеяларға бағытталған «Картех» хаб іске қосылады
«Картех» Қарағандыдағы жетекші университеттердің бірінің базасында орналасады. Жоба озық технологияларды енгізу және қолданбалы ғылымды дамыту үшін мемлекет, бизнес пен ғылыми қауымдастықтың күшін біріктіреді. Бұл орайда ғылыми идеяларды қысқа мерзімде кәсіпорындарға арналған дайын технологиялық шешімдерге айналдыратын тиімді жүйе құру көзделген.

– Біз ғылыми зерттеулер жүргізу мен олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге толыққанды жағдай жасаймыз. Заманауи зертханалық жабдық, инженерлік-конструкторлық қызметтер, прототип әзірлеуге арналған техникалық база ұсынылады. Сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, инвестиция тарту, стартаптарды қолдау, мемлекеттік және халықаралық гранттарға өтінім беруге жәрдем көрсету негізгі бағыттардың қатарында болады, – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаны құру қажеттігін 2024 жылғы 12 сәуірде өткен Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында атап өткен. Осы тапсырманы орындау үшін облыста арнайы ғылыми кеңес құрылып, бизнестің зерттеу институттарымен серіктестігін жолға қоюға жұмыс істеп келеді.
«Картех» хабы – ғылым, бизнес, мемлекет және қоғамды біріктіретін көпсалалы орталық. Мұнда заманауи зертханалар, конструкторлық және өндірістік алаңдар, соның ішінде 3D-принтерлермен жабдықталған кеңістік болады. Стартаптар мен прототиптерді әзірлеуге мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар бизнес-модельдер мен даму стратегияларын құру бойынша кеңес беріледі, оқу курстары мен біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылады. Арнайы алаңда шағын көлемді тәжірибелік өнімдер шығарылады, ал шоу-румда оларды таныстыруға жағдай жасалады. Бұдан бөлек, технологиялық стартаптар инкубаторы мен инвесторлар тартатын акселератор іске қосылады.Бастама Румыниядағы Клуж-Напока техникалық университетінің табысты тәжірибесіне сүйене отырып жасалды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ