Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағанды облысындағы су қоймаларының тозуы, артық су шығыны – алаңдатарлық мәселе

Бізге су дипломатиясы қажет. Мемлекет басшысы Жолдауында Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасауға тапсырма берді. Еліміздің су ресурстары мәселесіне ерекше тоқталып, саладағы түйткілдерді шешу бағытында нақты міндеттемелер жүктеді. Президенттің айтуынша, су саласында жүйелі бақылау мен тиімді басқарудың жоқтығы – суды ысырап етіп отыр.

Суреттер облыс әкімдігінен

Цифрлық платформа – тиімді шешім

«Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ», – деді Президент. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды саналатын Қарағанды өңірі үшін де өзекті. Судың тапшылығы мен оны тиімді пайдалана алмау өңірлік даму мен экологиялық ахуалға кері әсерін де тигізу қаупі бар.
Президент суды басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Осы орайда Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру міндеті қойылды. Яғни, бұл платформа жерүсті және жерасты сулары туралы нақты деректерді жинақтайды, каналдар, бөгеттер мен су қоймаларының жағдайына мониторинг жасайды, жасанды интеллект арқылы суды тұтыну мен тарату процестерін сараптап, оңтайлы шешімдер ұсынады. Демек, цифрландыру арқылы суды тиімді пайдалану ғана емес, есепке алу, бақылау және ысыраптың алдын алу мүмкіндігі де артады.
Мемлекет басшысы бұл жұмысты Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізу қажет екенін айтты. Яғни, елдегі барлық су ресурстары мен тұтыну көлемі ескеріліп, нақты баланс жасалуы тиіс. Бұл ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлауға жол ашады. Салаға цифрлық бақылау енгізілсе, шаруалар суды тиімді жоспарлап, ысырапты азайтып, өнімділікті арттыра алады. Сонымен қатар, бұл экологиялық тұрақтылықты сақтауға да өз ықпалын береді.

Әлемдік тәжірибе әлеуетті арттырады

Қарағанды облысы үшін су – тек тіршілік нәрі ғана емес, өндіріс пен ауыл шаруашылығының негізі. Аймақтағы каналдар мен су қоймаларының тозуы, артық су шығыны – алаңдатарлық мәселе. Сол себепті, аймағымызда су ресурстарын тиімді басқару мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында кешенді шаралар қолға алынып, халықаралық деңгейдегі әріптестік аясында нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. Бұл ба стамалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды орындауға бағытталған.
Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, өңірде су саласын реформалау және суды ұтымды пайдалану мақсатында әлемдік тәжірибеге негізделген серіктестік жолға қойылған.

– Бірнеше ай бұрын біз SUEZ атты ірі француз компаниясымен келісімге қол қойдық. Бұл – су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы әлемдік көшбасшы. Қазіргі таңда жұмыс басталып кетті. Компания мамандары келіп, қазір талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді аймақ басшысы.

Қарағанды облысы әкімдігі, SUEZ International SAS және Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім аясында су шығындарын азайту, сумен жабдықтау жүй- есінің тиімділігін арттыру, қызмет көрсету сапасын жақсарту, озық  цифрлық технологияларды енгізу көзделуде.
SUEZ компаниясы су ресурстарын басқару, суды есепке алу және ағынды суларды сүзгіден өткізу саласында көпжылдық тәжірибеге ие. Компанияның сарапшылары Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылымның қазіргі жай-күйін талдап, нақты шешімдер жолын ұсынбақ.
Су ресурстарын басқару – бүгінде ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе. Қарағанды облысы бұл салада алдыңғы қатарлы тәжірибеге сүйеніп, тиімді әрі сапалы шешімдер қабылдауға бет алды. Француз компаниясымен әріптестік – халықаралық стандарттарға сай, цифрлық әрі экологиялық тұрғыдан тиімді су шаруашылығы жүйесін құрудың алғашқы қадамы.

Үнемді су станциясы

Бұқар жырау ауданы биыл ауызсу мәселесін шешу жолында тың серпін танытып, заманауиәрі тиімді жобаны жүзеге асырды. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Алабас ауылында алғаш рет күн энергиясымен жұмыс істейтін автоматтандырылған блок-модуль ді сорғы станциясы   орнатылды.
Бұл – облыс аумағында алғаш рет қолданылған жаңашыл жоба. Бұл сорғы станциясы толықтай автоматтандырылған және жасанды интеллект арқылы басқарылады. Қондырғы тек қажет кезде іске қосылады. Артық қуатты тұтынбайды. Станция 80 метр тереңдіктегі ұңғымадан су тартып, оны сыйымдылығы әрқайсысы 5 тоннадан тұратын үш резервуарға жи-найды. Осылайша, жалпы 15 тонна
көлемінде су қоры қалыптасып, заманауи итальяндық сорғылар арқылы ауыл ішіне таратылады.

– Бұл жоба – ауылдық жерлерде экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді шешім. Су халыққа тегін беріледі. Өйткені, күн энергиясы қондырғының барлық қажеттілігін толық өтейді, – дейді жобаның мердігері Айдос Ыдырысов.

Қондырғыға 31 күн панелі орнатылған. Әр панельдің қуаты 550 Ватт, ал, жылдық қуат өндіру көлемі шамамен 40 мың кВт-сағатты құрайды. Бұл ретте, станцияның өзіне қажет энергия 30 мың кВт көлемінде болса, қалған 10 мың кВт электр қуаты ортақ желіге беріледі, яғни, қосымша пайда әкеледі. Мұндай шешім – ауылдар үшін таптырмас үлгі. Бұқар жырау ауданы әкімдігі бұл қанатқақты жобаны өзге елдімекендерге де кеңейту мүмкіндігін қарастыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген ауызсумен қамту және инфрақұрылымды жаңғырту міндеттері аясында мұндай экологиялық әрі үнемді технологиялар – ауылдың тұрмыс сапасын жақ- сартады.

«Жарлы – Қарқаралы»: қордаланған мәселе шешімін тапты

Қарқаралы қаласында да көптен күткен «Жарлы – Қарқаралы» магистральді су құбырының құрылысы толық аяқталды. Осы арқылы ондаған жылдар бойы қор- даланған ауызсу мәселесі шешімін тауып отыр. Бұған дейін тұрғындар тозығы жеткен, орташа пайдалану мерзімі 50 жылға жуық ұңғымалардың суын пайдаланып келген еді. Енді жаңа жерасты су көзінен тартылған сапалы ауызсу Қарқаралы қаласының үйлеріне дейін жетеді. Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Саят Мусиннің мәлімдеуінше, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қазіргі уақытта су қаланың ішкі желілері мен резервуарларына берілуде.

– Құбыр арқылы су келіп тұр. Қазір желілерді шаю және залалсыздандыру шаралары жүргізілуде. Санитарлық қорытынды алынған соң нысан ресми түрде пайдала-нуға беріледі. Қала тұрғындары көптен күткен сапалы ауызсуға қол жеткізеді, – дейді әкім орынбасары.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 38 шақырым болатын су желісі тартылып, төрт сорғы станциясы және екі ірі су сақтау резервуары салынды. Мамандардың айтуынша, ондаған жылға жететін қоры бар, әрі сапасы жоғары. Бұл жоба Мемлекет басшысының ауылдар мен шағын қалаларды таза ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына орай жүзеге асырылған.
Бүгінде Қарқаралы ауданында бірнеше елдімекенде су құбырларын салу және қайта жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде. Жобалар толық аяқталған соң аудан халқы 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұл – тек Қарқаралы үшін ғана емес, жалпы облыс үшін стратегиялық маңызы бар әлеуметтік бастама. Инвестициялық бағдарламаның игілігі «Қарағанды Су» кәсіпорны биыл қала аумағындағы сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғыртуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. Жоба 43 нысанды қамтиды. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, су ресурстарын үнемдеуге бағытталған жүйелі қадам.
Бағдарлама аясында қайта жаңғыртылатын инженерлік желілердің жалпы ұзындығы – 34 435,67 метр. Оның ішінде, су құбыры желілері – 16 541,17 метр, кәріз желілері – 17 894,5 метр. Жобалар негізгі және қосымша инвестициялық бағдарламаға бөлінген. Жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі кәсіпорынның шаруашылық әдісімен атқарылса, бірқатары мердігер ұйымдарды тарту арқылы жүзеге асуда.
Сумен жабдықтау бойынша 12 нысан жаңартылып жатыр. Оның жетеуі негізгі бағдарламаға, ал, бесеуі қосымша бағдарламаға енген. Қазіргі таңда бұл жұмыстар Охотская, Крылов, Қ.Аманжолов, Ишимская, Ә.Ермеков көшелерін- де жүргізілуде. Жаңғырту нәтижесінде техникалық жағдай жақсарып, су шығынын азайту көзделіп отыр.
Кәріз жүйелерін жаңғырту 31 нысанды қамтиды. Оның 11-і шаруашылық әдіспен, 20-сы мердігер ұйымдар арқылы атқарылуда. Нысандардың 9-ы негізгі, 22-сі қосымша бағдарлама аясында іске асуда. Қазіргі таңда жұмыстар Магнитогорск, Белинский, Локомотивная, Восточная, Сводная, Зелин-ский, Стахановская көшелері мен Н.Әбдіров, Кеншілер даңғылында белсенді жүріп жатыр. Сонымен қатар, Мирная, Бабушкин, Н.Гоголь, Қ.Сатыбалдин көшелерінде, Н.Назарбаев даңғылы, Ақтас кенті мен Орбита ықшамауданында кәріз желілері жаңғыртылуда.
«Қарағанды Су» кәсіпорны қолға алған инвестициялық бағдарлама – қала тұрғындары үшін аса маңызды. Бұл – тек инженерлік инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, экологиялық қауіпсіздікті арттырып, ресурстарды ұтымды пайдалану жолындағы нақты қадам. Бағдарлама толық жүзеге асқан соң, Қарағанды қаласындағы су және кәріз жүйелерінің сенімділігі артып, апаттық жағдай-лар азайып, қызмет көрсету сапасы жақсарады.

Түйін

Су – стратегиялық ресурс. Президент тапсырмасы бойынша қолға алынатын цифрлық жүйелер – суды басқарудың жаңа деңгейіне көтерілуге жол ашады. Мемлекет басшысы «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтама-сыз ететін басты фактордың бірі» екенін баса айтып отыр. Ендеше, аймақты сумен кепілді әрі ұтымды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс күн тәртібінен түспейді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button