АймақБас тақырып

Қарағанды облысындағы референдум учаскелерінде дауыс беруде азаматтар белсенділік танытуда

Қарағанды қаласындағы №5 референдум учаскесінде дауыс беру заңнамаға сай жалғасуда. Учаске жұмысын сағат таңғы 7.00-деy бастап, алғашы дауыс берушілерді қабылдады. Екі сағат ішінде мұнда тоқсанға жуық азамат өзінің таңдауын білдірді. Учаскеге тіркелген тұрғын саны – 1612 адам. Келушілер  тіркеуден өтіп, бюллетень алып, арнайы кабиналарда таңдау жасауда.

Суреттерді түсірген автор

– Бүгін №5 референдум учаскесінде сайлау өтіп жатыр. Таңғы 7.00-ден бастап жұмыс істеудеміз. №5 референдум  учаскесінде тіркелген сайлаушылар саны – 1612 адам. Қазіргі уақытта, 9:15-ке дейін 87 адам дауыс берді. Алғаш дауыс беріп отырған азаматтар да бар.  Оларға сыйлық та қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйіне барып, олардың дауыс беруіне де бар мүмкіндікті жасаймыз. Біздің учаскеміз бойынша екі адам мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде тіркелген. Сағат 12:00-ге дейін өтініштерін күтеміз. Содан соң сол өтініштері  бойынша  мекенжайларға барып,  дауыстарын аламыз, – деді №5 референдум учаскесінің төрағасы  Гүлмира Мухамедина.

Осы учаскеде дауыс берген қала тұрғыны, медицина қызметкері Гүлзат Мұсаханқызы да өз таңдауын жасады.

– Мен медицина саласында жұмыс істеймін. Бүгін немереммен бірге келіп, дауыс бердім. Әрбір азамат ел болашағына бейжай қарамауы керек. Сондықтан, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде менің де дауысым маңызды деп білемін. Учаскеде барлық жағдай жасалған, ұйымдастыру жұмыстары жүйелі. Отбасымның басқа мүшелері де келіп, дауыс береді, – деді ол.

Учаскеде референдум өткізудің барлық талаптары қатаң сақталған. Сонымен қатар, дойбы, шахмат ойнайтын алаң, суретке түсуге арналған арнайы фотоаймақтар да жабдықталған.

Бұған қоса, учаскеге жақын маңда Наурыз мейрамына арналған жәрмеңкеде бүгін көрігін қыздыруда.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Болат Жұмабеков  бүгін референдумға жиен немересімен бірге келіп, дауыс берді. Ол жиеніне дауыс беру процесін көрсетіп, оның маңызын түсіндіргенін айтты.

– Бүгін немерем алғаш рет бюллетеньді жәшікке салды. Мен оған: «Бұл – сенің болашағың үшін жасалған таңдау. Болашағың жарқын, әділ болсын», – деп түсіндірдім. Біз көп оқиғаларды көрдік, сондықтан еліміздің дұрыс бағытта, айқын жоспармен дамуы маңызды, – деді ол.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда маңызды мәселелерді қоғаммен кеңесе отырып шешу тәжірибесі бар екенін атап өтті.

– Меніңше, Қазақстан – маңызды мәселелерді халықпен ақылдаса отырып шешетін санаулы елдердің бірі. Кейбір мемлекеттерде мұндай шешімдерді Мемлекет басшысы немесе Үкімет өздері қабылдайды. Ал бізде қоғам тарапынан төрт мыңнан астам ұсыныс түсті. Кәсіподақтар атынан айтарым – еңбек адамдарының әлеуметтік және экономикалық кепілдіктері құжатта көрсетілген. Бұл мәселелер алдағы уақытта арнайы заңнамамен реттеледі, – деді Болат Жұмабеков. Ал немересі Наби бүгін осындай ел үшін маңызды оқиғаны нағашы атасымен келіп,  көргеніне қуанышты.

Айта кетейік, Наби – Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Аубакировтің  немересі.

Учаскедегі референдумды өткізу заңдылығына шетелдің байқаушылары да көз жеткізді. Атап айтқанда, Ұлыбритания және солтүстік құрама корольдігінен байқаушы ретінде келген екі азамат дауыс беру үдерісін бақылады.

Олар сайлау барысын көріп, №5 сайлау комиссиясы төрағасымен сұхбаттасып, толық мәлімет алды.

Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button