Қарағанды облысындағы Президент шыршасына 200 бала қатысты
Балаларға шаттық сыйлаған Жаңа жылдық мерекелік шараға 9–13 жас аралығындағы дарынды балалар шақырылып, өңірдің түкпір-түкпірінен 200 бала жиналды. Атап айтсақ, оқу мен шығармашылықта табысқа жеткен оқушылар, ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер, азқамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатысты.

Сонымен қатар, облыстың арнайы мектеп-интернаттарынан, балалар үйлерінен мүмкіндігі шектеулі бар балалар шақырылды.

Шыршаға жиналған балаларды Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

– Сіздермен бірге Президент шыршасына қатысып отырғаныма ерекше қуаныштымын. Араларыңызда білім саласында, спортта, мәдениет пен шығармашылық бағытта айрықша жетістіктерге жеткен дарынды балалар бар. Алда келе жатқан Жаңа жыл баршаңызға тек жақсылық пен жаңа мүмкіндіктер әкелсін. Жаңа жылда толағай табыстарға жетіп, армандарыңыздың орындалуын тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты болып, барлық бастамаларыңыз сәтті жүзеге ассын. Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! – деді аймақ басшысы.

Салтанатты кеш «Үш қасиет патшалығындағы жаңа жылдық оқиға» атты тақырыпта театрландырылған қойылым форматында ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында Аяз ата мен Ақшақар, ертегі кейіпкерлері, сондай-ақ символдық бейнелер – Ақыл, Қайрат және Жылы Жүрек көрермендерге ізгілік, білім мен мейірім құндылықтарын дәріптеді.

Театрландырылған көріністер, ән мен би, ойын-сауық бағдарламалары арқылы балаларға тәрбиелік мәні зор мазмұн ұсынылды.

Мерекелік кешке қатысқан балалар көтеріңкі көңіл күймен, жарқын әсермен тарқасты. Президент шыршасына қатысушы Әмина Мейірханова іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Маған мерекелік қойылымда барлығы ұнады. Мен шырша тойына Аязатаның киімімен келдім. Әсіресе шыршаның үлкен әрі әдемі болғаны ұнады, – деді Әмина Мейірханова.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz


