Наурыз – 2026: Қарағанды облысы жаңа формат ұсынды
Қарағанды облысында 21–22 наурыз күндері өткен Наурыз мейрамы биыл дәстүрлі сценарийлерден түбегейлі өзгеше форматта ұйымдастырылды. Ауқымы жағынан да, мазмұны тұрғысынан да ерекше болған мереке аясында мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 300 мыңнан астам адам қамтылды. Алайда басты ерекшелік – сан емес, мазмұн сапасының жаңа деңгейге көтерілуі.

Бұл жолы Наурыз тек дәстүрлі элементтердің жиынтығы ретінде емес, өткен мен болашақты өзара қарсы қоймай, керісінше, бірін-бірі толықтыратын тұтас мәдени жүйе ретінде ұсынылды.

Мереке адамның жеке өмірінде, отбасы ішінде және қоғам аясында жаңару кезеңі ретінде қарастырылып, адамдар арасындағы байланысты нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығын тереңдетуге және ұлттық құндылықтарды қайта зерделеуге бағытталды.

Наурызнама тұжырымдамасы аясында мереке он күндік мазмұнды циклге біріктірілді. Бұл кезең Амал мерекесінен басталып, кездесулер мен татуласу идеяларын қамтыса, соңғы күндері қайырымдылық және экологиялық бастамалармен қорытындыланды.

Осылайша, мереке бір реттік шарадан гөрі, мағыналы оқиғалардың тұтас тізбегіне айналды.

Негізгі назар сахналық қойылымдарға емес, адамға бағытталды. Отбасы, балалар, аға буын және еріктілер мерекенің басты кейіпкерлеріне айналып, әрбір тұрғын өзін ортақ үдерістің белсенді қатысушысы ретінде сезіне алды.

Облыс аумағында жаңа туған нәрестелерді құттықтау, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету, отбасылық құндылықтарды дәріптеу сияқты бастамалар кеңінен жүзеге асты.

Мерекенің айрықша нышандарының бірі – Қарағанды қаласында алғаш рет орнатылған ауқымды шатыр болды. Ол дәстүрлі киіз үйдің заманауи үлгіде қайта ойластырылған нұсқасы ретінде қалалық ортаға бейімделді. Шатыр ішінде көрермен мен қатысушы арасындағы шекара жойылып, ашық қарым-қатынас алаңы қалыптасты. Мұнда мәдени бағдарламалар, кездесулер және шығармашылық әрекеттер қатар өтті.

Шатыр маңына қойылған робот дәстүр мен технологияның үйлесімін айқын көрсетті. Бұл шешім жасандылық әсерін туғызбай, керісінше, мәдени мұраға құрмет пен инновацияға ашықтықты қатар бейнелейтін заманауи қоғамның бағытын айқындады.

Цифрлық форматтар да мереке бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды. «Террикон алқабы» IT-хабы аумағында ұйымдастырылған Digital Nauryz кеңістігінде дәстүрлі мазмұн жаңа технологиялар арқылы ұсынылды. Мұнда роботтандырылған жүйелер, 3D-принтинг, цифрлық модельдеу және виртуалды шындық элементтері көрсетілді. Балалар мен жасөспірімдер бұл алаңда тек бақылаушы емес, белсенді қатысушы ретінде жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алды.

Мерекенің жарқын сәттерінің бірі – бір күнде 20 мыңнан астам адам жиналған WOWRYZ қалалық фестивалі болды. Атауының өзі эмоциялық әсер мен Наурыз рухының үйлесімін білдіретін бұл алаңда қолөнер жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, ашық микрофон және түрлі ойын-сауық форматтары біріктірілді.

Minecraft стиліндегі аниматорлардан бастап, киіз үй ішіндегі дискотекаға дейінгі түрлі форматтар әр келушіге өз орнын табуға мүмкіндік берді.

Айта кету керек, барлық безендіру және ұйымдастыру жұмыстары сыртқы мердігерлерсіз, Қарағанды қаласының Урбанистика орталығы командасының күшімен жүзеге асырылды.

Жалпы алғанда, Қарағанды облысы Наурыз мерекесін жаңа мазмұнмен толықтырып, оны тек көктемнің символы ғана емес, дәстүр мен технология үндескен, қоғамның белсенді қатысуына негізделген заманауи мәдени алаңға айналдырудың тиімді үлгісін көрсетті.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



