Қарағанды облысындағы екі жылу орталығына айыппұл салынды
Топар бас энергия тарату станциясы мен «Kazakhmys Energy» Балқаш жылу электр орталығы кәсіпорындары – облыстың ірі өнеркәсіптік нысандары. Өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға тигізіп жатқан кері әсері турасында Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов мәлімдеді.
Спикер Топар бас энергия тарату станциясының жағдайына тоқталды. Бекет Абай ауданының Топар кентінің батысында 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Негізгі қызметі – электр және жылу энергиясын өндіру. Электр энергиясы бойынша белгіленген қуаты – 743 МВт, жылу энергиясы бойынша белгіленген қуаты – 300 Гкал/сағ. Кәсіпорын өз қызметінде жергілікті халықты электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаға айтарлықтай теріс әсер ететіндігі де белгілі.
Биыл станцияның орташа зиянды шығарындылары 59 тоннаны құраған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда едәуір көп. Кәсіпорын қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін экологиялық төлемдер төлейді. Төлем сомасы 657 млн. теңгені құрады. Әлбетте, кәсіпорынның 2024 жылға дейінгі экологиялық рұқсаты бар. Құжатта 73,8 мың тонна көлемінде шығарынды шегі бекітіліпті. Есесіне өндіріс ошағында атмосфераға ластаушы заттардың шығарындысын азайту мақсатында шаң-газ тазарту қондырғылары орнатылған. Рұқсат берілгенімен, табиғатты қорғау іс-шаралар жоспары келісілген. Осылайша, кәсіпорын жыл сайын шаң-газ тазарту қондырғыларын жөндеу, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу, көгалдандыру сынды істерді жүзеге асырады.
– Департаменттің экологиялық заңнаманың сақталуына жүргізілген тексеру амалдары шаруашылық сарқынды сулары тазаланбағандығын, ал тазартқыш құрылым бұзылғанын айғақтады. Салдарынан күл үйіндісіне ластанған шаруашылық ағынды су төгіліп келген. Бұл – Қазақстан Республикасы экологиялық кодексінің 216-бабы 2-тармағына қайшы. Визуалды тексеру барысында темір цехындағы құбырдың биіктігі бекітілген жобаға сәйкес келмейтіні анықталды. Әрі құм бөшкелерде ашық күйінде қордаланып, жобалық шешіммен кереғар екендігі белгілі болды. Көзбен шолып тексеру барысында электр цехының аумағында белгіленбеген жерде қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісінің барлығы анықталды. Жұмыс нәтижесінде жалпы сомасы 2,9 млн. теңгеге үш айыппұл салынып, толық көлемде өндірілді, – деді Дархан Ерғалиұлы журналистерге берген сұхбатында.
Балқаш жылу электр орталығы қаланың өндірістік аумағында орналасқан. Қызметі – электр және жылу энергиясын өндіру. Станцияның электр қуаты бойынша жобалық көрсеткіші – 145 МВт, жылу қуаты бойынша жобалық көрсеткіші – 383,6 Гкал / сағ. Ауаға зиянды шығарындылары 14 мың тоннаны құрады. Кәсіпорынның қоршаған ортаға теріс әсері үшін экологиялық төлемдер сомасы 139 млн. теңге шамасында. Нысанның 2027 жылға дейінгі шығарылымдарға экологиялық рұқсаты бар. Онда 13 мың тонна көлемінде шығарынды лимиті бекітілген. Жоспарда азот шығарындыларын азайтуға бағытталған 6,7,8,9-баптардағы қазандықтың оттықтарын ауыстыру көзделгенін атап өту қажет. Сондай-ақ, 2027 жылға қарай жаңа сақиналы эмульгаторларды орнату қарастырылған. Бұл күкірт шығарындысының 10%-ға төмендеуіне ықпал етпек.
Экология заңнамасы сақталуына тексеруге қатысты жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша №1 эмульгаторда шаңгаз тазарту жабдығын пайдалану талаптарының бұзылғанын көрсетті. Сондай-ақ, көзбен шолып тексеру барысында отын-көлік цехында түсіру қондырғысының жоқтығы анықталды. Бұл қоршаған ортаның антропогендік ластануына әкеліп соғады. Нәтижесінде 1,3 млн. теңге сомасына екі айыппұл салынып, толық көлемде өндірілді.
– Қорытындылай келгенде 2021 жылғы Қазақстан Республикасының жаңа экологиялық кодексі шеңберінде ірі кәсіпорындар оның ішінде, ГРЭС және Балқаш ЖЭО 2025 жылдан бастап міндетті түрде ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді көздейтін кешенді экологиялық рұқсат алуы тиіс. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаның сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді, – деп түйіндеді сөзін облыстың бас экологі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz