Қарағанды облысында туризм қарқынды дамуда
Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, туристік маршруттарды кеңейту, жаңа туристік нысандар ашу және инвесторларды тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Негізгі назар Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы ауданының табиғи ландшафтарына аударылған.

Балқашта жағалауды абаттандыру, қалалық жағажайды жаңғырту және туристерді орналастыруға арналған жаңа нысандар салу жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар, қалаішілік су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, демалушылар үшін де қолайлы жағдай туғызады.
Тораңғалық және Шұбартүбек туристік ауылдарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 28 шақырымнан асатын «Балқаш – Тораңғалық» магистральды су құбырының құрылысы жүргізілуде.
Соңғы жылдары қалада бірнеше қонақ үй кешені салынды. 2025 жылдың басынан бері екі демалыс аймағы мен бір қонақ үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы үш туристік нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Көл жағалауында инфрақұрылым құрылып, Үлкен Қаракөл шығанағы аумағында (835 га) туристік және коммерциялық нысандарға арналған егжей-тегжейлі жоспар әзірленді. Қазіргі уақытта 3 және 4 жұлдызды нысандарды ашқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, «Қонақжайлылық мектебі» аясында қызметкерлерді оқыту жоспарланып отыр. Инвесторлармен белсенді келіссөздер жүргізілуде.
Көлік инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Балқаш қаласында теміржол вокзалы мен әуежайды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жолаушылар ағынын 30%-ға арттырып, жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік береді.
Алматы – Екатеринбург халықаралық автожолының Бектау-Ата – Балқаш учаскесінде жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына арналған учаскелер бөлінді. Мұнда дәмханалар, супермаркеттер, техникалық қызмет көрсету орталықтары, жанармай құю бекеттері салынады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында туристік аймақтарда 36 бейнебақылау камерасы орнатылып, 70-тен астам құтқарушы тәулік бойы кезекшілік етеді. Шұбартүбек ауылында модульдік полиция және төтенше жағдайлар бекеттері іске қосылды.
2025 жылы Балқаш өңіріне 160 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.
Тағы бір маңызды туристік бағыт – Қарқаралы ауданы. Мұнда Қарағанды – Қарқаралы автожолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. «Бұғылы» туристік аймағы абаттандырылып, тарихи-мәдени мұра нысандары қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, ұлттық паркте жаңа туристік бағыттар мен учаскелер құрылуда.
– Біздің басты мақсатымыз – туристер мен кәсіпкерлер үшін тартымды әрі қолайлы орта қалыптастыру. Шілде айының соңында шетелдік қонақтардың қатысуымен QARQARALY BUGYLY FEST – 2025 фестивалі өтеді. Бұл Қарқаралының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға үлкен мүмкіндік, – деді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.
Облыста туризмді цифрландыру бойынша да жұмыс жүргізілуде. Жасанды интеллекті бар чат-бот енгізілді, visitqaraganda.kz туристік порталы жұмыс істеп тұр. Қонақ үйлерді онлайн брондау мүмкіндігі қолжетімді. Танымал туристік нысандарда QR-кодтар арқылы ақпараттық ресурстарға шығу қарастырылған.
Бүгінгі таңда өңірде 17 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Бұл – түрлі аудандарда қонақ үй кешендері, демалыс аймақтары мен апартаменттер салуға бағытталған бастамалар. Оның ішінде екі жоба Ұлттық инвестициялық платформаға енгізілді.
Айта кетейік, биыл Қарағанды облысы 500 мыңға дейін турист қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артық көрсеткіш.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz