АймақБас тақырып

Қарағанды облысында «Тазару күнінде» 1,5 мың гектар аумақ тазартылды

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағанды облысы аумағында өткен «Тазару күні» экологиялық акциясына 100 мыңнан астам тұрғын белсенді қатысып, Наурызнама онкүндігі мазмұнды түрде қорытындыланды. Ауқымды шара барысында өңірде 1,5 мың гектар аумақ тазартылып, шамамен 30 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.

Суреттер облыс әкімдігінен

Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылды. Барлық қала мен аудандарда еріктілер, студенттер, еңбек ұжымдары мен эко-белсенділер бірігіп, тазалық мәдениетін, жауапкершілікті және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттады. Акция аясында «Тазалық эстафетасы», «TazaLike» экофестивалі және «Өзіңнен баста» жастар қозғалысы өтті.

Қарағанды қаласы бойынша Н. Назарбаев даңғылындағы гүлзарды тазалауға шамамен 3 мың адам қатысты. Шараға жергілікті билік өкілдерімен қатар жастар ұйымдары мен еріктілер белсенді қолдау көрсетті. Қала аумағындағы саябақтар, гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер де кешенді түрде тазартылды.

Теміртау қаласында акцияға Qarmet компаниясының металлургтері қатысып, орталық саябақтар мен алаңдарды ретке келтірді.

Ал Шахтинск қаласында еріктілер «Ардагерім – ардағым» акциясы аясында жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетіп, олардың аулаларын тазалап, абаттандырды.

Жалпы өңір бойынша тұрғындар аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде тазалық жұмыстарын белсенді жүргізді. Сонымен қатар «Таза аула» экологиялық челленджі басталып, бір ай ішінде ең үлгілі әрі көркейтілген аула аумақтары анықталмақ.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button