Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар күшейтіледі
Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Денсаулық сақтау мен құрылыс салалары кеңінен талқыланды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның кезекті отырысы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өтті. Жиында медицина саласындағы ашықтық, ресурстарды бөлу және медициналық ұйымдардың жұмысы жан-жақты қаралды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаев өңірде профилактика күшейтіліп, ашықтық құралдары енгізіліп жатқанын айтты. Негізгі басымдық – құқықбұзушылықтардың алдын алу.

Құрылыс саласында да бақылау күшейтілмек. Бұған дейін жүргізілген тәуекелдерді талдау негізінде әкімшілік кедергілерді азайту, жобаларды қатаң бақылау және рәсімдердің ашықтығын арттыру бойынша шаралар іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ ТБН-4 жобасы аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жаңғырту мәселелері көтерілді. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Жандос Сәрсен заң талаптарын сақтау міндетті екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысында өңір басшыларына профилактикалық жұмысты күшейтіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту тапсырылды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



