Аймақ

Қарағанды облысында су тасқыны кезеңі қарсаңында дайындық шаралары күшейтілуде

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді. 
Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге су басу қаупі бар аумақтарды әуеден шолып, қар еруі алдындағы жағдайды бағалады.

Ерекше назар өткен жылдары қауіп тобына енген елді мекендерге аударылды: Көкпекті, Байқадам, Ботақара, Ақсу-Аюлы, Красная Поляна, Құлайғыр және Нұра мен Шерубай-Нұра өзендерінің арналары бойында, сондай-ақ Самарқанд, Жартас және Шерубай-Нұра су қоймалары маңында орналасқан өзге де ауылдар. 

Нысандардың бір бөлігі әуеден қаралды, ал жергілікті жерде қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі тексерілді. 

Өзен арналарының өткізу қабілеті мен бұрын бекітілген учаскелердің жағдайына айрықша көңіл бөлінді.

Сондай-ақ вице-премьер Чкалов ауылындағы қорғаныс бөгеттерін қарап, Самарқанд су қоймасындағы гидротораптың жұмысымен танысты. 

Оның нақты көлемі 194,6 млн текше метрді құрайды, санитарлық су жіберу жүргізілуде. Сонымен қатар Шерубай-Нұра және Жартас су қоймалары да тексерілді.

Бүгінгі күнгі жағдай бойынша облыста ахуал тұрақты: өзендер мен гидротехникалық құрылыстар қысқы режимде жұмыс істеп тұр, қар жамылғысында ылғал жинақталу үдерісі жалғасуда.

— Өңірде Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларындағы гидротехникалық құрылыстарда санитарлық су жіберу жүргізілуде. Елді мекендерден қар шығару, арықтар мен каналдарды аршу, инертті материалдар мен қап дайындау ұйымдастырылды. Азаматтық қорғау күштері мен жергілікті атқарушы органдардың барлық күш-құралдары дайындықта, — деді Қарағанды облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Қанат Ысқақов.

Су тасқыны кезеңіне дайындық басталғалы облыста 25 шақырым қорғаныс дамбалары мен бөгеттері нығайтылды, 28 шақырымнан астам өзен арналары тазартылды, 21 шақырым дренаждық және су бұру жүйелері аршылды, автожолдардың өткізу қабілеті арттырылды. Елді мекендердің көшелерінен 1 миллион 200 мың текше метр қар шығарылды.

Өңірде барлығы 217 гидротехникалық нысан бар — су қоймалары, плотиналар, дамбалар және гидротораптар. Су басу қаупі бар 139 елді мекен айқындалды. Онда 19 мыңнан астам адам тұратын төрт мыңнан аса тұрғын үй орналасқан. Сондай-ақ 130 автомобиль және теміржол учаскесі ерекше бақылауда.

Қазіргі уақытта облыста «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтуде. Негізгі екпін жеке сектордан қар шығару мен арықтар және каналдарды тазартуға бағытталған.

1 наурыздан бастап азаматтық қорғау күштері жоғары дайындық режиміне көшіріледі. Қажет болған жағдайда 3,5 мыңнан астам адам мен мыңнан аса техника бірлігі тарту жоспарлануда. Төтенше жағдайлар департаментінің жоғары өтімді инженерлік және арнайы техникасы алты бағыт бойынша бекітілген.

Қарағанды облысының әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button