Қарағанды облысында сотталғандарды ресоциализациялау бойынша пилоттық жоба алғаш рет іске қосылды
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы, Qarmet компаниясы, Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаменті өңір прокуратурасының үйлестіруімен және Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, сотталғандарды ресоциализациялауға және оларды кезең-кезеңімен еңбек қызметіне интеграциялауға бағытталған пилоттық жобаны енгізуде.

Бастама Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы маусымда құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылмақ.
«Біздің кәсіпкерлерімізді қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері жанынан түрлі өндірістер ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырғым келеді. Мұндай өзара тиімді әріптестік шетелде кеңінен таралған. Тапқан табыс сотталған азаматтың бостандыққа шыққаннан кейін аяғынан тік тұруына мүмкіндік береді, ал алған дағдылары лайықты жұмыс табуына көмектеседі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Жобаға қатысушылар компанияның әртүрлі өндірістік нысандарында жұмыс істейтін болады. Жұмыс беруші тарапынан тұру орны, күніне үш мезгіл тамақ, арнайы киім және қажетті тұрмыстық жағдайлар қамтамасыз етіледі. Жоба үш айға есептелген және қоғамдық қауіптілігі төмен, оң мінездемесі бар әрі еңбекке дайын екендігі расталған сотталғандарды қамтиды. Белгіленген режимнің сақталуын және қауіпсіздікті ҚАЖ қызметкерлері тәулік бойы бақылап отырады.
«Біз адамға мамандық алып, жалақы табуға және бостандыққа шыққаннан кейін қалыпты өмір бастауға мүмкіндік беретін жағдай жасаймыз. Бұл – Қазақстан азаматтарын әлеуметтендіруге және өңірдің тұрақты дамуына қосқан үлесіміз», – деді Qarmet АҚ басқарма төрағасы Вадим Басин.
Жоба мемлекет пен бизнестің өзара тиімді ынтымақтастығының моделін қалыптастырып, үдерістердің ашықтығын, қатаң бақылауды және заңнаманың толық сақталуын қамтамасыз етеді. Пилоттық кезең қорытындысы бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы бағдарламаның әлеуметтік, экономикалық және құқықтық тиімділігіне жан-жақты баға береді. Нәтижелері оң болған жағдайда, тәжірибе Қарағанды облысының өзге де кәсіпорындарында кеңейтілуі мүмкін.
«Жобаның басты міндеті – адамдарға нақты еңбек тәжірибесін және кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру. Бұл олардың бостандыққа шыққаннан кейін қалыпты өмірге тез бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар, бұл модель түзеу мекемелерінде сотталғандарды ұстауға кететін шығындарды азайту арқылы бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді», – деді Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі Бекболат Шәкіров.
Айта кетейік, бұл Qarmet компаниясының әлеуметтік бейімдеу бағытындағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін компания өңірдің ҚАЖ департаментімен бірлесіп №29 және №31 мекемелер базасында тігін цехын ашқан болатын. Бұл бастамалар Qarmet-тің әлеуметтік жауапкершілік саласындағы жүйелі саясатын көрсетеді.
Qarmet компаниясының баспасөз қызметі



