Коронавирус

Қарағанды облысында сауда үйлері уақытша жабылды

Қарағанды облысындағы сауда-ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда үйлері қызметін 20 наурыздан бастап уақытша тоқтатады. Азық-түлік емес тауарлар бутиктері сатуды тоқтатады, сондай-ақ бұл шектеу азық-түлік емес базарларға қатысты болады. Сауда үйлерінің ғимараттарында орналасқан дәріханалар мен супермаркеттерге шектеу қойылмайды, бірақ олар қысқартылған жұмыс күніне өтеді: 10.00-ден 20.00-ге дейін. Осыған ұқсас жұмыс шарттары азық-түлік базарлары үшін де белгіленген. Бұл шешім коронавирусты таратпауға байланысты қабылданды.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлердің қызметін тоқтату кезінде туындаған ілеспе проблемаларды шешу нұсқалары пысықталуда.

Облыстың санитарлық бас дәрігері “коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу шаралары туралы” Қаулысына қол қойды. Қала және аудан әкімдеріне медициналық ұйымдарда, қарттар үйлерінде, балалар үйлерінде, әлеуметтік оңалту орталықтарында және басқа да мекемелерде толық карантин мен күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді қамтамасыз ету ұйғарылды.

Облыста кинотеатрлар, түнгі клубтар, тренажер және фитнес-орталықтар, балалар даму орталықтары мен қосымша білім беру ұйымдары уақытша жабылды. Ірі сауда орталықтарының қызметі де тоқтатылады. Сонымен қатар, санитарлық талаптар күшейтілді. Әр тәулік сайын объектіге іргелес аумақты дезинфекциялау қажет. Барлық сауда үйлерінде қолды антисептиктермен өңдеуге арналған аппараттарды орнату міндеттелді. Әрбір сатып алушыдан кейін арбаларды және себеттерді дезинфекциялау қажет. Едендерді, лифттерді, эскалаторлардың тұтқаларын, үстелдер мен орындықтарды дезқұралдармен әрбір үш сағат сайын өңдеу қажет.
Сауда орталықтарының қызметкерлері маскалармен және бір рет қолданылатын қолғаптармен қамтамасыз етілуі тиіс. Кезекте бес адамнан артық жиналуына жол берілмейді, ал сатып алушылар бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта болуы тиіс.

Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді буып-түюсіз сатуға рұқсат етілмейді. Тамақ өнімдері, көкөністер мен жемістерден басқасы, өлшеп оралған күйінде сатылады.
Санитарлық-карантиндік іс-шаралардың сақталуына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі.

Естеріңізге сала кетейік, сауда және интеграция министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп төтенше жағдай кезінде сауда объектілерінің 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейінгі жұмыс ережелерін қабылдаған болатын. 

Басқа материалдар

Back to top button