Қарағанды облысында референдумды қолдаған шаңғы челленджі өтті
Қарағанды облысында 15 наурызда өтетін референдумды қолдауға бағытталған спорттық челлендж ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдің 300-ден астам тұрғыны қатысты.

Қарағанды және Саран қалаларында өткен шаңғы жарыстары тұрғындардың қоғамдық белсенділігі мен оң өзгерістерді қолдауға деген ұмтылысын айқын көрсетті. Қос қалада ұйымдастырылған спорттық додаға әртүрлі жастағы қатысушылар жиналып, бірлік пен ынтымақтың үлгісін танытты.
Жарыс атмосферасы өзара қолдау мен ортақ жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталды. Қатысушылар елдегі маңызды үдерістерге бейжай қарамай, азаматтық ұстанымдарын спорт арқылы білдірді.
Коалиция мүшесі Александр Бочаровтың айтуынша, мұндай іс-шаралар спорт пен салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қоғамды жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде топтастырады.
— Бұл спорттық челлендж – азаматтық белсенділіктің нақты көрінісі. Әртүрлі буын өкілдерінің бір уақытта стартқа шығуы олардың оң өзгерістерді қолдап, ел болашағына ортақ жауапкершілікпен қарайтынын аңғартады, — деді ол.
Ұйымдастырушылар спорттың ауызбіршілікті нығайтудың тиімді алаңы екенін атап өтті. Олар алдағы уақытта да осындай бастамалар жалғасатынын жеткізіп, қатысушылар санын арттыру және спорт пен азаматтық белсенділікті ұштастыру дәстүрін дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды жоспарлап отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



