Қарағанды облысында онлайн-сауданың ауқымы кеңеюде
Қарағанды облысы аумағындағы азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа барлық ірі сауда орталықтары мен базарлар жабылды. Бұл шектеулер 28 наурыздан бастап, арнайы өкім шығарылғанға дейін қолданылады. Ал, кәсіпкерлер тауар мен қызмет сатуды онлайн режимге ауыстырды. Бірінші кезекте қажеттіліктегі тауарларды үйге тапсырыспен алдыруға болады. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің облыс тұрғындарына арналған үндеуінде айтылды.
Аймақта сатушылар мен тұтынушыларға ыңғайлы болуы үшін https://ba09.kz бірыңғай онлайн-платформасы құрылды. Ол ұдайы жаңартылып отырады. Сонымен қатар, облыстың атқарушы билігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауда. Азық-түлік қоры күнделікті мониторингте. Тұрақтандыру қоры толықтырылады. Ол үшін облыстық бюджеттен қосымша 1 млрд теңге бөлінді.
Аймақтың эпидемиологиялық жағдайы да бақылауда.
Коронавирустық инфекциясы анықталған төрт науқас оқшауланған бокстарда емделуде. Ал, 195 адам тәулік бойы бақылау жасалатын карантинге алынған. Олар – 1А санатындағы елдерден келген немесе шартты түрде вирус жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар. Тағы 376 адам үйде карантин өтеді.
Бұдан бөлек, 540 медициналық қызметкер тәулік бойы жұмыс істеуде. Олардың арасында инфекционистер, пульмонологтар, нефрологтар және басқа да сала мамандары бар. Барлық провизорлық және карантиндік госпитальдар қаладан сыртындағы ғимараттарда орналасқан.
Облыстық бюджеттен дәрігерлер үшін жаңа медициналық жабдықтар мен жеке қорғану құралдарын сатып алуға қаржы бөлінді. Сондай-ақ қосымша тепловизорлар сатып алынады.
Бұған дейін хабарланғандай, облыстың автомобиль жолдарында 6 санитарлық бекет жұмыс істейді. Аталмыш өткелдерде жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайы тексеріледі. Осыған байланысты уақытша кептелістер болуы мүмкін.
Санитарлық бекеттер арқылы бүгінгі күні 30 мыңға жуық көлік өтті, 61 мыңнан астам адам температуралық бақылауға алынды.
Қоғамдық көліктерге, аялдама павильондары мен вокзалдарға үнемі дезинфекция жүргізіледі.