Қарағандыда мектеп оқушылары мен студенттерге арналған бизнес-идеялар байқауы басталды
Жоба ұйымдастырушысы – Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес. Байқаудың марапаттау рәсімі алғаш рет атап өтілетін Кәсіпкерлер күні – 29 қазанда өтеді.

Өңірлік кеңестің төрағасы Владимир Алескеров бұл жобаның басты мақсаты – Жұмысшы кәсіптер жылы аясында белсенді жастарды қолдау және бизнес келешегін көрсету екенін атап өтті.
Өтінімдерді қабылдау 2 қыркүйекте басталып, бір айға созылады. Қазанда қазылар алқасы үздік жобаларды іріктеп алады, ал финалистер өз идеяларын көпшілік алдында таныстырады. Байқауға 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатыса алады. Міндетті талап – жобаны жеке қорғау.
Байқау ұйымдастырушылары төрт басым бағытты айқындайды:
1 Аграрлық-өнеркәсіп кешені және қайта өңдеу өнеркәсібі.
2. Жасанды интеллект, робототехника және ақпараттық технологиялар.
3. Экология және бизнес шешімдері.
4. Өңдеу өнеркәсібі.
Әр бағытқа 1 миллион теңгеден жүлде қоры бөлінген, байқаудың жалпы қоры – 4 миллион теңге.
Жобалар өңірдің дамуына бағытталуға тиіс, ал авторлар өз идеяларын сарапшылар алдындақорғап, презентация жасау дағдыларын көрсетуі қажет. Өңірлік кеңес мүшелері бұл байқау жыл сайын жаңа бизнес-бастамаларды іздейтін және экономиканы дамытуға тың шешімдер ұсынатын алаңға айналады деп сенеді.
Қазылар шешімімен төрт жеңімпазға 1 миллион теңгеден табысталады.
Байқау туралы толық ақпарат пен ереже Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Telegram-арнасында қолжетімді.
Аяулым СОВЕТ