Бас тақырыпҮкімет

Қарағанды облысында медициналық сақтандыруды енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды

Қарағандылықтар үшін қыркүйектің бірінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) пилоттық жоба ретінде іске қосылады. Жобаны аймақта жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Елдің денсаулық сақтау саласындағы маңызды өзгерісті талқылап, дайындық мәселесін пысықтауға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов арнайы келді.

Медициналық сақтандыру жүйесіне көшу мәселесі кейінгі төрт жыл бойы талқыланып келеді. Келесі жылдан бастап тұтас республикаға енгізу үшін заңнамалық актілерге тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Енді сол өзгерістердің іс жүзіндегі қолданысын бақылап, кем-кетік жерлерін анықтап, оларды жоюға бағытталған шараларды қабылдау үшін біздің облыс таңдалып отыр. Министрлік назарының біздің облысқа түсуінің бір себебі – цифрландырудың жоғары деңгейі.

– Жаңа жүйеге енудің барлық факторлары бойынша толық дайындық бар, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. – Цифрландырудың жоғары деңгейі қамтамасыз етілген, тұрғындардың электрондық денсаулық паспорты жасалған. Сондайақ, денсаулық сақтау нысандарын, оның ішінде бизнес өкілдерінің қатысуымен жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесін мақсатты түрде шешудеміз. Биыл 500-ге жуық жас маман келеді деп күтілуде. МӘМС жүйесінде азаматтардың мәртебесін анықтау жүргізілуде.

Цифрландыру нәтижесінде аймақтағы барлық медициналық мекемелер кешенді медициналық ақпараттық жүйеге көшірілген. Емделушілердің медициналық карталары бірыңғай дерекқорда сақталған. Бұл жаңа жүйені енгізу жұмыстарын анағұрлым жеңілдететін болады.

Министр кейінгі бес жылда тұрғындар медициналық қызметтер үшін өз қаражатынан төлеу жағдайларының артқанын тілге тиек етті. Мұндай шығын 2017 жылы 680 млрд. теңгені құраған көрінеді. Халықтың қаражатын үнемдеу үшін бірқатар елдердің сақтандыру жүйесін зерделей келе, біздің елге сай келетін жүйе әзірленді.

– МӘМС – қорда жинақталған қаражаттың есебінен сақтандырылған азаматтарға ғана көрсетілетін медициналық қызметтердің қосымша пакеті. Бұл топтамаға томография, салалық мамандардың кең ауқымды кеңес беруі, тегін дәрі-дәрмек тізімін кеңейту сияқты қызметтер кіреді. Бүгінгі таңда біз әрбір үшінші рецептуралық дәрі-дәрмекті бюджеттен төлейміз. Біртебірте барлық рецептуралық дәрі-дәрмектер тегін немесе субсидиялаумен берілетін болады. Бүгінде бұл мақсатқа 4 млрд. теңге бөлініп отыр, – деп түсіндірді Елжан Біртанов.

Тұрғындарды тіркеуге алу мәселесінде де біздің облыстың көрсеткіштері жақсы. Тұрғындардың басым бөлігі тіркеуге алынып, мәртебелері анықталған. Тек 2 пайызы ғана тіркеуге алынған жоқ. Бұл бағыттағы жұмыс мамандардың айтуынша, басқа да ведомстволық құрылымдармен бірге жыл соңына дейін жүргізілетін болады. Ал, жалпы бүгінгі дейін еңбек ететін 549 мың қарағандылық сақтандыру қорына 15,4 млрд. теңге жарна аударып үлгерген.

Облыс тұрғындары жаңа жүйе аясында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша бірқатар басымдықтарды қыркүйектен бастап пайдала алатын болады. Жобаны жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың 1,8 млрд. теңгесі ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруден өткізуге бөлінеді. Яғни, 175 мыңнан астам адамға жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және вирустық гепатит ауруларын ерте бастан анықтау үшін алдын алу тексерулер жүргізілетін болады. Сонымен қатар, инсульт, инфаркт, ауыр жарақат немесе күрделі ота жасаған адамдар үшін медициналық реабилитацияға тағы 450 млн. теңге бөлініп отыр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен бірге аймақта жобалық кеңсе жұмысын бастамақ. Онда нормативтік-құқықтық актілерді, ақпараттық жүйелерді жетілдіру, сатып алу, ақы төлеу және тарифтер тәртібін жетілдіру бойынша, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жакселекованың айтуынша, пилоттық жоба барысында ақпараттық жүйелердің интеграциясына баса назар аударылатын болады. Жүйе үшін арнайы «Saqtandyrý» бағдарламасы қолданысқа енеді. Ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде емделушінің мәртебесін, төлем жасалу жолын анықтауға мүмкіндік береді.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ерлан Нұрлыбаев цифрландыру мүмкіндігін арттыру үшін жыл соңына дейін шалғай ауылдарды кең жолақты интернетке қосу мәселесі қарастырылатын айтты. Қазіргі таңда медициналық мекемелердің 98 пайызы интернетке қосылған көрінеді. Жаңа жүйе аясында бұдан да басқа жұмыстар қолға алынбақшы.

– Емханалар қатарын арттыру мәселесі қолға алынды. Қазірдің өзінде үш емхана іске қосылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін тағы бес нысан мен үш консультациялық орталық ашылады. Бұдан бөлек аймақта үш реабилитациялық орталық ашылып, қосымша 170 орын пайда болады. Осы арқылы жалпы тәжірибе дәрігерлерінің жүктемесін азайтуды көздейміз. Жас мамандарды жұмысқа тарту үшін әлеуметтік пакетті жетілдірдік, – деді Е.Нұрлыбаев.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында сақтандырудың болуы немесе болмауына қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ала алады. Мұндай қызметтерге жедел жәрдем шақыру, шұғыл ауруханаға жатқызу және басқаларын айтуға болады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында Қарағанды облысының тұрғындарына жылына 5,6 млн. қызмет көрсетіледі деп жоспарлануда. Облыстағы 118 медициналық мекеме 72 млрд. теңгеге тегін медициналық көмек көрсететін болады. Сақтандыру қорындағы қаражат есебінен көрсетілетін медициналық қызметтердің ақысы екі есе артады.

Басқосудан кейін Елжан Амантайұлы кейіннен ашылған №8 емханаға барды. Мекеме қаланың 11 мыңнан астам тұрғынына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Емхана дәрігерлерімен, емделушілермен тілдесті. Онда алғашқы көмек көрсету ғана емес, кешенді медициналық талдаулар, аппараттық зерттеулер де жасалады.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button