Қарағанды облысында материалдық емес мәдени мұраны сақтайтын пилоттық жоба іске қосылды
Қазіргі жаһандану заманында материалдық емес мәдени мұраны сақтау өзекті болып отыр. Дәстүрлі білім, тіл, әдет-ғұрыптар, қолөнер мен орындаушылық өнерді қамтитын мәдени мұрамыз — ұлттың рухани байлығын құрайды. Мәдени мұраны сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу — бүгінгінің басты талабы. Бұл тұрғыда Қарағанды облысы «тірі мұраны» сақтау ісімен табысты әрі ұзақ жылдар бойы айналысып келеді. Бүгінде материалдық емес мәдени мұраларды сақтау және дамытуға арналған пилоттық жоба қолға алынып, еліміздің бес өңіріне енгізілді. Оның ішінде біздің өңіріміз де бар. Қарағандыдағы Достық үйінде өткен материалдық емес мәдени мұраны сақтау және насихаттау мәселелеріне арналған өңірлік семинар-кеңесте бұл туралы жан-жақты айтылды.

Іс-шараны Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық демалыс және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Семинарға шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, қолөнер шеберлері, этнографтар, тарихшылар, кітапханашы-өлкетанушылар және журналистер, азаматтық қоғам өкілдерінен құралған 30-ға жуық қатысушы жиылды. Семинарда өңірдің материалдық емес мәдени мұрасының қазіргі жай-күйі талқыланып, ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін ұсынбалық құжаттаманы әзірлеу және мамандар мен дәстүр иелерінің тәжірибе алмасуын ұйымдастыруды мақсат етті.
Кездесу аясында өңір шеберлерінің ағаштан, киізден және басқа да материалдардан жасалған қолөнер бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылды.
Семинарда ЮНЕСКО жанындағы материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Рустам Музафаров сөз сөйлеп, дәстүрлерді зерттеу, құжаттау және жас ұрпаққа жеткізу бағытындағы жүйелі жұмыстың маңызын атап өтті.
– Материалдық емес мәдени мұраны кейде «тірі мұра» деп те атайды. Материалдық емес мәдени мұраны сақтау бағдарламасы жалпы елімізде, әр өңірлерде жүзеге асырылып келеді. Алайда әр өңірдің өзіне тән, бірегей бағдарламасы болады. Қазір біз өз этномәдени бірегейлігімізге ерекше мән береміз. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл – біздің тәуелсіздігіміздің кепілі. Этномәдени бірегейлік адам бойына бала кезден қалыптасады және ол тәрбие арқылы сіңіріледі. Көпшілігі байқаған болар, бейтаныс қалаға барғанда, міндетті түрде көзімізге оттай басылған нәрсеге «Міне, бұл – біздікі!» деп, көңіл түрленіп сала береді. «Біздікі» деген ұғым адаммен бірге өмір сүреді, ал мұраны есте сақтап, оны қолданғанда ғана мәңгі жасай бермек», – деді Рустам Музафаров.
Материалдық емес мәдени мұраны сақтауды мақсат ететін арнайы жоба Қазақстанның бес өңірінде пилоттық режимде іске қосылды. Бұл өңірлер қатарында Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда және Қарағанды облыстары бар. 2025-2026 жылдары жүзеге асырылатын бұл жоба қолөнершілер мен сала мамандарына мәдени мұраны одан әрі сақтауға мүмкіндік береді. Алғашқы бес өңірдің тәжірибесі болашақта басқа да өңірлерге енгізіліп, бүкіл ел аумағын қамтымақ.
– Таңдалған бес өңірдің әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мәселен, еліміздің батыс аймағында сақталған Наурыз мерекесін тойлауда ұмыт бола бастаған Амал мен Көрісу сияқты салт-дәстүрлер бүгінде қайта жаңғырды. Бұл дәстүрлер барша қазаққа тән болғанымен, тек белгілі бір өңірлерде сақталып қалған. Қарағанды облысы да «тірі мұраны» сақтау ісімен табысты әрі ұзақ жылдар бойы айналысып келеді. 2023 жылы мұнда ұлттық спорт түрлерінен тамаша өңіраралық фестиваль өтті. Жұрт оны үлкен қызығушылықпен қабылдады. Былтыр өткен фестиваль «Ортеке» күйіне арналды. Бұл күйдің феномені әлі күнге дейін ғалымдардың назарын аударады, өйткені ортеке бейнесі – адаммен бірге ежелгі петроглифтер дәуірінен бастап келе жатқан киелі мәнге ие символ. Осының нәтижесінде Қарағанды облысы ЮНЕСКО-ның пилоттық жобасына еніп, «Ортеке» күйін сақтау бастамасын ұсынды. Бұл да ұлттық мәдени мұраны дамытуға қосылған елеулі үлес. Сонымен қоса, 2004 жылы Қазақстанда тұңғыш рет «Өлкетану» атты оқулық жарық көрді және ол алғаш рет осы өлкеде, Қарағанды облысында пайда болды, – деді Рустам Музафаров.
Оның айтуынша, бүгінде 150 елден 788 элементті қамтитын Бүкіләлемдік мұралар тізімі бар. Ал Қазақстан бұл тізімге 14 элементімен енгізілген. Мұндай тізімге ену үшін мәдени мұра шынайы өмірде де сақталып, қолданыста болуы маңызды. Сондықтан, біздің өлкемізде өміршең элементтерді, соның ішінде дамуы мен қолдауды қажет ететіндерін де айқындау жоспарланып отыр. Мұндай элементтер болашақта Бүкіләлемдік мұра тізіміне енуі әбден мүмкін.
Қазақстан 1992 жылы ЮНЕСКО құрамына енгені белгілі. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісов еліміз Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қосылып, материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялағанын атап өтті.
– Бізде 2026-2028 жылдарға арналған ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, іске асырылуда. Бұл жұмысқа әкімдіктер, жоғары оқу орындары, ғылым, мәдениет ұйымдары және үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Біз жүйелі түрде тірі мұраға қатысты өзекті мәселелерді қарастырып, спорттық, шығармашылық және ғылыми бағыттағы іс-шаралар өткізетін жұмыс тобын құрамыз. Басты мақсатымыз – ортақ жұмысты үйлестіру және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіруге ықпал ету, – деді Ноян Жүнісов.
Мәдени мұра халықпен бірге жасасуы қажет. Олай болмағанда мұра жойылып кетуі мүмкін. Семинар барысында Рустам Рахимұлы елімізде киіз үйді толық жасап шығара алатын он шақты ғана шебер қалғанын атап өтті. Ал қазақтың түкті кілемін тоқумен айналысатын бар болғаны төрт қолөнер шебері бар екен. Олардың ең үлкенінің жасы 80-де.
– Біз үшін қымбат әрі маңызды мұраны сақтап, дамыту қажет. Мұраны сақтау үшін жүйелі әрі бірлескен жұмыс керек. Әйтпесе, тірі мұра тек музей сөрелерінде ғана қалып, бірегей туындыларды жасайтын адам табылмай қалуы мүмкін, – деп түйіндеді Рустам Музафаров.
Мәдени мұра өміршең болуы үшін оны жас ұрпаққа үйрету маңызды. Семинарға қатысушылар осындай ортақ ой өрбітті. Сонымен қоса, қазақтың ұмыт қалған бірқатар салт-дәстүрлерін тізімге енгізуді ұсынды.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»