Қарағанды облысында кәсіби гидтерді даярлау бағдарламасы іске қосылды
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағдарламаға негізделген курсты тәжірибелі гидтер, туристік компания қызметкерлері және туризм саласында жұмыс істеуге ниетті облыс тұрғындары сәтті аяқтады. Курс соңында 14 қатысушыға ресми сертификат берілді.

Әмина Есина мен оның TuranEl QazaqSport командасы Қарағанды облысында атпен экскурсиялар мен авторлық турлар ұйымдастырады. Бағдарлама қысқа серуендерден бастап бірнеше күндік маршруттарға дейінгі турларды қамтиды және ұлттық спорт түрлерінің элементтері көрсетіледі. Негізгі бағыттар Қарағандыдан Спасск, Қарагер және Шет аудандарына жүргізілген.
– Шетелдік туристер үшін бес жұлдызды инфрақұрылым маңызды емес, шынайы аутентика маңызды: киіз үйлер, орман, дала, көшпелі өмір. Негізгі қызығушылық – этника мен дәстүрлерде. Туризмді дамыту және қонақтар санын арттыру үшін біз ЮНЕСКО-мен бірлесіп ұлттық спорт түрлері мен жылқыны дәстүрлі күту рәсімдерін материалдық емес мәдени мұра ретінде енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресми мойындау мен насихаттау өңірді ерекше әрі туристер үшін тартымды етеді, – дейді Әмина Есина.

Әмина туризмге саналы түрде келген. Қаржы директоры қызметін тастап, жылқы мен туризмге қатысты қызметке ауысқан. Гид туризмнің сапасы тікелей мамандардың дайындығына байланысты деп санайды.
Туризм басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, биыл өңірге ТМД елдерінен, Қытайдан, Германиядан, Финляндиядан және Франциядан қонақтар келді. Сертификаттау маршруттарды қауіпсіз ұйымдастыруға, экскурсияларды сапалы өткізуге және тарихты нақты жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туристер ағынын арттырып, жергілікті бизнестің кірісін көбейтеді.

Өңірде туристік визит-орталық және профильді қауымдастықтармен бірлесе отырып жаңа маршруттар әзірленіп, олар облыстың мәдени және табиғи нысандарын қамтиды. Қонақ үйлер мен хостелдерге QR-код енгізу жоспарланып отыр, ол арқылы туристер экскурсияларды таңдап, сертификатталған гидтермен турорталық арқылы байланыса алады. Гидтерге арналған семинарлар келесі жылы да жалғасады.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



