Қарағанды облысында IT, өндіріс мамандарына сұраныс күшті
Өңірде сұранысқа ие мамандықтардың басым бөлігі өнеркәсіп саласына байланысты. Инженер, машинист, электрик, технолог, инспектор, жүргізуші, есепші мамандарына деген сұраныс тіпті жоғары екен. Бұл Орталық саябақта алғаш рет ұйымдастырылған «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындарының облыстық жәрмеңкесінде белгілі болды.
Жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі облыстық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылды. Қарағанды қаласынан бөлек, аудан-қалалардан да жұмыс берушілер өздеріне маман іздеп келіп отыр. Ұзын саны 80-нен аса «KamaTyresKZ», «Қарағанды Су» ЖШС, «Шұбаркөл Премиум» АҚ, «Каз-Метиз» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ секілді ірі кәсіпорындар қатысуда. Аймақ бойынша Enbek.kz порталында тіркелген 2500-дей бос жұмыс орны бар. Жәрмеңкенің «Мүмкіндіктер алаңы» аталуының өзі жастардың мамандығына сай дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік туғызады. Жалпы, мұндай жәрмеңкелер жергілікті жерлерде ай сайын өтіп отырады. Бүгінгі жәрмеңкеде IT мамандарға сонымен қатар, біздің аймақта ірі өндіріс орындары орналасқандықтан болар, техникалық мамандарға деген сұраныс өте жоғары екен. Әсіресе, газбен дәнекерлеуші, ауыр жүк көліктерінің жүргізуші мамандары өте қат.
– Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша 52 мың адамды жұмыспен қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 22 мың адамға жұмыс бердік. Көпшілігі субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Тағы бір айта кететіні, биылдан бастап, жастар бастамашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген 2,5 пайыздық мөлшермен несие беріліп жатыр. 5 млн. теңге 5 жылдан 7 жылға дейін беріледі. Бұған қоса, мемлекет тарапынан гранттар да қарастырылған. Биыл бізде 190 жасқа грант беру жоспарланса, соның 150-уі қайтарымсыз грантқа ие болды. 300-ден аса шағын несие беруді жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбары Төлеу Мұқтаров.
Сағыныш ӘБІЛ,
ortalyq.kz