Қарағанды облысында өңірлік резервке жастарды қабылдау басталады
Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар және Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Галиев өңірлік коммуникациялар орталығында өңірлік кадр резервін құру туралы брифинг өткізді. Брифинг барысында резервке қатысты толық ақпараттар берілді.

Резервке іріктеуге өтінімдерді қабылдау 1-31 наурыз аралығында onir.pkrezerv.gov.kz сайтында жүргізіледі.
Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар және 3 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Әрбір өңірлік резерв бойынша нақты салалық бағыттар мен резервшілердің саны облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтары ескеріле отырып, өңірлік кадр комиссияларымен айқындалатын болады. Іріктеу 7 бағыт бойынша, атап айтсақ, индустрия және өнеркәсіп, экономика, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология салаларында жүзеге асырылады.
Іріктеуді өткізу бірнеше кезеңдерден тұрады. Атап айтар болсақ, құжаттарды қабылдау кезеңі, заңнаманы білуге арналған тестілеу, жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу, құзыреттерді бағалау-ассессмент өткізу кезеңі, комиссиядағы құрылымдық сұхбат кезеңі, тиісінше осы кезеңдерден өткен кандидат резервке тіркеледі.
Әрбір кезеңнің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда және кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында орналастырылады. Өңірлік резервте болу мерзімі 2 жыл.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz