АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды облысында интернет-алаяқтардың құрбандарына 35 млн теңге қайтарылды

Интернет пен цифрландырудың жылдам дамуы онлайн-алаяқтықтың да көбеюіне әкеліп отыр. Қарағанды облысында профилактикалық жұмыстарға қарамастан, киберқылмыс құрбандары азаймай тұрғаны айтылды. Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция өкілдері интернет-алаяқтармен күрес тәсілдерін таныстырды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, алаяқтардың әдістері күн сайын түрленіп келеді: бірде өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып дербес деректерді алуға тырысса, енді бірде жоғары табыс әкелетін инвестицияны “ұсынады” немесе фишингтік сілтемелер арқылы азаматтарды алдайды.

Октябрь аудандық полиция бөлімінің бастығы Арман Меллятовтың айтуынша, Ұлттық банк енгізген қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы дерек алмасу платформасы алаяқтықтың жолын кесуде маңызды рөл атқарады. Антифрод-орталық күмәнді транзакцияларды нақты уақыт режимінде анықтап, бұғаттайды және «қара» мен «сұр» тізімдер арқылы әрекеттерді жедел тоқтатады. Соның нәтижесінде шамамен 35 млн теңге қайтарылған.

– Екінші деңгейлі банктер түскен ақпаратты қылмыстық қудалау органдарына жолдайды. Тексеру нәтижесінде әрекеттің алаяқтар тарапынан жасалғаны дәлелденсе, қаржы иесіне қайтарылады. Бүгінде шамамен 35 миллион теңге өтелді, өзге материалдар бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Алаяқтардың жаңа әдістері шыққан сайын, біз де қарсы әрекет етудің қосымша жолдарын қарастырамыз, – деді полиция подполковнигі Арман Меллятов.

Биыл фишингтік ресурстарды анықтайтын жүйе 7 мыңнан астам жалған сайтты бұғаттаған. Сондай-ақ шетелдік нөмірлерден жасалған қоңырауларды тіркеп, дереу бұғаттайтын арнайы кол-орталық жұмыс істейді.

– Азаматтарға арналған негізгі кеңестер өзгермейді: күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді енгізбес бұрын сайттың шынайылығын тексеру керек. Полиция немесе банк қызметкерлері телефон арқылы несие рәсімдеуді ешқашан талап етпейді, – деп атап өтті Михайлов полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Айбек Алпысбаев.

Полицияның айтуынша, интернет-алаяқтардан қорғанудың басты жолы — қырағылық. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, сайттың түпнұсқалығын тексеру және телефон арқылы несие рәсімдеуге шақырғандарға сенбеу қажет.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button