Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағанды облысында HOWO жүк көліктері шығарыла бастайды

Қазақстанда коммерциялық және арнайы техника өндіретін бірлескен кәсіпорын құрылды. Кәсіпорын Sinotruk компаниясының Қазақстандағы Saran Machinery компаниясымен бірлесуі нәтижесінде  пайда болды. Жоба Үкімет және Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту аясында жүзеге асырылған.  Өндірістің жылдық қуаты 10 000 дана техниканы, оның ішінде HOWO маркалы жүк көліктерін шығаруды қамтиды. Алдағы уақытта Саран қаласында Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын жаңа зауыт бой көтеріп, HOWO маркалы жүк көлігі және арнайы техника шығарылады. Құрылыс жұмыстары басталды. 

Суреттер облыс әкімдігі сайтынан

Жоба — Қытайдың жетекші Sinotruk компаниясы мен қазақстандық Saran Machinery кәсіпорнының бірлескен бастамасы. 

Серіктестік туралы келісімге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен Астанада қол қойылды. Жоба Қазақстан Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылып, елдегі коммерциялық техника өндірісін жаңа деңгейге көтермек.

Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс алаңына барып, зауыттың құрылтайшыларымен кездесті.

Ол бұл жобаның аймақ экономикасы мен ел өнеркәсібінің дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.

— Бұл — Қытай компаниясымен ынтымақтастықтың ірі қадамы. HOWO маркалы техниканың нарықтағы сұранысы жоғары. Жергілікті атқарушы билік ретінде біз бұл іске тікелей араласып отырмыз, жобаның мерзімінде әрі сапалы жүзеге асуы үшін барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Зауыт жылына 10 мың данаға дейін техника шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын заманауи қондырғылармен жабдықталады, соның ішінде Қазақстанда алғаш рет металды катафорездік өңдеу желісі орнатылады.

Бұл технология көлік кузовтарын коррозиядан сенімді қорғап, қызмет мерзімін айтарлықтай ұзартады. Өндіріс орны мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашпақ.

Жоба жетекшісі Станислав Лидің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың соңында аяқталады. Толық өндірістік циклге арналған жабдыққа тапсырыс берілген. Өндіріс желісін іске қосу желтоқсан айына жоспарланған. 2026 жылы шамамен 2 мың дана техника шығарылып, өндіріс көлемі кезең-кезеңімен ұлғаяды.

Зауытқа қажетті жабдықтар 2025–2026 жылдары Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жеткізіледі.

Алғашқы партия — шасси мен кабина құрастыруға арналған жабдықтар биыл қазан айында келеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында бояу және дәнекерлеу цехтарына арналған кешенді қондырғылар орнатылады.

Аяулым СОВЕТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button