Қарағанды облысында экспортталатын инновациялық өнім үлесі 25%-ға жетті
Қарағанды облысы өнеркәсіп саласында шикізатқа тәуелділікті азайтып, ғылымға негізделген жаңа технологияларды белсенді түрде енгізуде. Инновациялық жобалар саны өсіп, өңірдің экспорттық әлеуеті күшейіп келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, облыста экспортталатын инновациялық өнімнің үлесі ұлттық көрсеткіштің 25%-ына тең. Өңірде коммерцияландыру орталықтары мен бизнес-инкубаторлар жұмыс істейді, кәсіпорындар жергілікті университеттер мен ғылыми институттардың әзірлемелерін енгізуге қолдау алады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттар, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер ұсынылып, өнімді сертификаттау шығындары өтеледі, халықаралық көрмелерге қатысуға мүмкіндік беріледі.
Ғылым мен өндіріс байланысын нығайту мақсатында Қарағандыда ғылым және технологиялар кеңесі мен «Картех» аймақтық хабы құрылды. Қазан айынан бастап жұмыс істеп тұрған хаб технологиялық лабораторияларға қолжетімділік беріп, инженерлік жабдықтармен қамтамасыз етуде. Ол жас зерттеушілер мен инноваторларды біріктіріп, қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайды. Тау-кен ісі, көмірхимия, экология бағыттары бойынша зертханалар ашу жоспарланған.
Өңір кәсіпорындарымен бірлескен салалық хакатондар өткізу көзделіп отыр. Олардың нәтижелері өндіріс орындарында тиімді шешімдер енгізуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Экономикалық белсенділік динамикасы да оң сипатта. Биылғы он айда негізгі капиталға салынған инвестициялар 4%-ға өсті. Қазір облыста жалпы құны жоғары 120 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл шамамен 20 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Инвестициялық әлеуетті арттыру үшін «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы, Saran индустриалды аймағы және үш шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы жүріп жатыр. 2030 жылға дейінгі жобалар қатарында жүк көліктері, жылу оқшаулағыш материалдар және клинкер плитка шығару өндірісі бар.
Инвесторларға қолдау «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Бұл жобаларды барлық кезеңдерде жедел сүйемелдеуге жағдай жасайды. Мемлекеттік қолдау шаралары жалғасын табуда: Бірыңғай бағдарлама арқылы 91 жоба қаржыландырылып, «Өрлеу» жеңілдетілген несиесі бойынша 96 жоба қолдау алған. Сонымен қатар Кепілдік қоры 73 жобаға кепілдік берді. Соның нәтижесінде өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 102 мыңға жетті.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



