АймақБас тақырып

Қарағанды облысында экологиялық жобалар мен инновациялар жасауға арналған алаң ашылды

Пластик қақпақ велошредердің көмегімен ұсақ түйіршікке айналып, кейін «I Love Karaganda» деген жазуы бар жарқын брелокқа айналады. Қалдықтарды қайта өңдеу туралы осындай ерекше тәсіл экохабта қолданылады. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында қаладағы алғашқы алаң ашылды. Мұнда экология технологиялармен, студенттік бастамалармен және практикалық эксперименттермен ұштасып, идеяларды нақты жобалар мен шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді.

Суреттер облыс әкімдігінен

Экохабта пластикті қайта өңдеуге арналған велошредерлер, қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер және шеберлік сабақтарын өткізуге арналған аймақтар орнатылған. Жақын уақытта қайта өңделген пластикті балқытып, одан түрлі бұйымдар — брелоктар мен кәдесыйлардан бастап қалалық ортаға арналған заттарға дейін жасауға мүмкіндік беретін қосымша жабдықтар қойылады.

ECO Network жобасының және Қазақстандағы экохабтар желісінің негізін қалаушы Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, мұндай кеңістіктердің идеясы экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы көпжылдық жұмыстың нәтижесінде пайда болған.

— Біз бұл бағытпен шамамен сегіз жыл айналысып келеміз. Экохаб студенттер, оқушылар, компаниялар және экологияға қызығатын барлық адамдар жиналатын орталық алаң ретінде ойластырылған. Мұнда шеберлік сабақтары өтеді, қайта өңдеу технологияларымен танысуға және бұрын қоқыс саналған пластиктен өз қолыңмен бұйым жасауға болады. Мұндай формат адамдарға қалдықтың да ресурс екенін түсінуге көмектеседі, — дейді Евгений.

Экохабтың ашылуы өңір мектептерінде жүзеге асырылып жатқан «Экологиялық сыныптар» жобасының жалғасы болды. Тәжірибе көрсеткендей, жастардың тұрақты даму тақырыбына қызығушылығы артып келеді. Осыған байланысты білім беру бастамаларын, стартаптарды және волонтерлік жобаларды бір алаңға біріктіру идеясы туындаған. Жаңа орталық өңірде қалыптасып келе жатқан экологиялық экожүйенің бір бөлігіне айналады. Мұнда сондай-ақ экологиялық акциялар өткізу және компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

— Біз экохабқа облыс мектептерін тартуды жоспарлап отырмыз. Бұрын құрылған экосыныптар өз жобалары мен әзірлемелерін осында ұсына алады. Болашақта бұл экологиялық бастамалар төңірегінде білім беру, ғылыми және кәсіпкерлік ортаны біріктіруге мүмкіндік береді, — деді хабтың ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Жобаның дамуына университеттік орта да маңызды рөл атқарады. Техникалық жоғары оқу орны базасында экохаб жаңа инженерлік шешімдер мен студенттік стартаптарға арналған алаңға айналмақ.

— Біздің экохаб білім беру, таныстыру және практикалық кеңістік ретінде құрылып отыр. Студенттер тұрақты даму қағидаларын меңгеріп қана қоймай, оларды бірден тәжірибеде қолдана алады: пластикті қайта өңдеу технологияларымен танысып, шеберлік сабақтарына қатысып, қайталама шикізаттан бұйымдар жасайды. Мұнда экологиялық технологиялар мен циркулярлық экономика саласында жаңа студенттік жобалар да пайда болады деп сенеміз, — деді ҚарТУ ректоры Сәуле Сағынтаева.

Қарағанды мұндай орталық ашылған еліміздегі үшінші қала болды. Бұған дейін экохабтар Астана мен Алматыда іске қосылған.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button