Бас тақырыпМедицина

Қарағанды облысында дәріхана бағасы қатаң бақылауға алынды

Қарағанды облысында мемлекеттік реттеуге жататын дәрі-дәрмектердің бағасы кезең-кезеңімен төмендеп келеді. Бұл өзгеріс бағаның ашықтығын қамтамасыз етіп, негізсіз үстемеақыларды болдырмауға бағытталған жаңа баға белгілеу механизмі арқылы жүзеге асуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті мәлімдеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Бүгінде Қазақстан фармацевтикалық нарығында 6 мыңнан астам дәрі бар. Соның 5 408-і мемлекеттік реттеуге жатса, 4 994-і бойынша шекті баға бекітілген. 2024 жылы Денсаулық сақтау министрлігі ККТМК, МӘМС жүйелері және бөлшек сауда аясында бірқатар препараттардың бағасын қайта қарап, олардың орташа құнын шамамен 30%-ға арзайтты. Бұл дженериктерге де қатысты — енді олар түпнұсқа дәрілерге қарағанда айтарлықтай арзан болады.

– Бағаның төмендеуі препарат сапасына әсер етпейді. Министрліктің басты мақсаты — халыққа қолжетімді әрі сапалы дәрілерді ұсыну. Жаңа механизм маркетингтік және транспорттық шығыстарды бағаға қоспайды, бұл да бағаның арзандауына мүмкіндік береді, – деп түсіндірді фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің міндетін атқарушы басшысы Әсем Ештаева.

Департамент мамандары ай сайын сұранысы ең жоғары 50 препараттың бағасын бес топ бойынша бақылайды: вирусқа қарсы, қабынуға қарсы, антибактериалды, жүрек-қан тамырлары және ас қорыту жүйесіне арналған дәрілер. Баға бірден төмендемеуі мүмкін, себебі жаңа бұйрық күшіне енгенге дейін дәріханаларда қалып қойған ескі қорлар әлі сатылуда. Олар бұрынғы сатып алу бағасы бойынша өткізіледі.

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық өндірілетін дәрілер үшін міндетті маркіровка енгізілді. Препарат туралы деректерді Naqty Onim қосымшасы арқылы, ал шекті бағаларды DariKZ қосымшасы немесе Adilet.kz платформасы арқылы тексеруге болады.

– Кез келген сатып алушы осы сервистерді орнатып, өзі үшін қызықты дәрі-дәрмектің бағасын тексере алады, – деп атап өтті Қарағанды облысы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті басшысының орынбасары Сабина Нагметуллина.

Егер дәріхана шекті бағадан жоғары сатып жатса, азаматтар egov.kz, eotinish.gov.kz порталдары арқылы өтініш бере алады, департаменттің мекенжайына жазбаша түрде арыз жолдай алады (Қарағанды қ., Терешкова к-сі, 28/1) немесе DariKZ және Naqty Onim қосымшалары арқылы шағым қалдыра алады. Өтініште дәріхананың мекенжайы мен растайтын құжаттарды қоса көрсету қажет. Шекті бағаны асыру — әкімшілік жауапкершілікті талап етеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button