Қарағанды облысында бюджеттің 67%-ы әлеуметтік салаға жұмсалады
Келер жылы барлық шығыстың 67%-ы әлеуметтік салаға бағытталады. Сонымен қатар, инженерлік желілерді жаңғырту және кәсіпкерлікті қолдау да басымдықтардың қатарында. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Saryarqa телеарнасына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды ortalyq.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

– Бюджеттің 67%-ы әлеуметтік салаға жұмсалады. Сондай-ақ, нақты секторды қолдауды жалғастырамыз – бұл жалпы көлемнің 19%-ы. Мұндағы негізгі бағыттар — жолдарды жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту. Бизнестің дамуына салық жеңілдіктері қарастырылған, маслихат шешімімен мөлшерлеме 2%-ға дейін төмендетілді. Біздің өңірде шамамен 240 мың адам шағын және орта бизнесте жұмыс істейді, бұл нақты қолдау болып саналады, — деді өңір басшысы.
Ол бюджет шығындарын оңтайландыруға да тоқталды:
– Нейтралды шығыстарды азайттық. Ең бастысы — әлеуметтік сала, міндеттемелер 100%-ға орындалады. Екінші мәселе — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық. Біз модернизацияны жалғастырамыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



