Қарағанды облысында мектептің болашақ басшыларын даярлайтын жаңа жоба басталды
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында өңірде алғаш рет «Болашақ басшы» жобасы пилоттық режимде іске қосылғанын хабарлады. Жобаның басты мақсаты – көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыру және болашақ мектеп директорларының кадрлық резервін дайындау.

Жоба аясында басқару дағдыларын меңгерген, стратегиялық ойлайтын және заманауи талаптарға сай жетекшілер пулын қалыптастыру көзделген. Бүгінде тіркелген 400-ден астам үміткердің ішінен 200 маман іріктеліп, арнайы оқыту курстарына қатысуда.

Бағдарлама 7 модульден тұрады. Оқу workshop, сараптамалық дәрістер, кейс-талдау және менторлық сессия форматында өтеді. Бұл тәсіл қатысушылардың басқарушылық қабілетін жан-жақты дамытуға бағытталған.

Кездесу барысында әлемнің дамыған елдерінің білім беру тәжірибесі де талқыланды. Атап айтқанда, Сингапур, Канада және Финляндия елдерінің білім жүйесіндегі озық үлгілері мысалға алынды.

Сонымен қатар, «Адал азамат» тұжырымдамасы мен жаңа Конституциядағы адами капиталды дамыту идеясының маңызы атап өтілді. Білім сапасы көбіне мектеп басшысының кәсібилігіне байланысты екені халықаралық зерттеулермен дәлелденген. Бұл бағытта ЮНЕСКО және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың зерттеулері негізге алынған.

Кездесуге қатысушылар мектеп директоры қызметіне деген көзқарасының өзгергенін айтып, жобаның маңызын атап өтті. Мамандар тек басқару тетіктерін меңгеріп қана қоймай, адал әрі әділ басшы болуға ұмтылып отырғаны байқалды.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама өңірлік және ұлттық деңгейде кәсіби, жауапкершілігі жоғары және құндылықтарға берік жаңа буын басқарушылардың қалыптасуына ықпал етеді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



